Кәсіподақ белсенділерінің құқықтық мәдениеті – кәсіподақ жұмысындағы табыстың кепілі

Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелерінің келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіру үшін бірқатар семинарлардан тұратын күнделікті онлайн-білім беру курсын жалғастыруда.

Онлайн-марафон ҚРКФ бастамасымен 21 маусымда басталды және биылғы жылдың 2 шілдесіне дейін жалғасады. Оған күн сайын елдің барлық аймақтарынан 100-ге жуық кәсіподақ мүшелері қатысуда.

Кездесуді аша отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ белсенділерінің кәсіби деңгейін көтеру және кәсіподақтық тәжірибемен алмасу мәселесіне ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Кәсіподақтар Федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясы кәсіподақ белсенділері, кәсіподақ мүшелері және кәсіподақ кадрлары арасында жоғары мәдениетті қалыптастыру арқылы жаңа кәсіподақ идеологиясын ілгерілетуді көздейді», – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.

Кездесу барысында ҚРКФ төрағасының орынбасары қатысушыларға федерацияның Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы шеңберінде өткізіліп жатқан және Еңбек Адамының мүдделерін қорғау бойынша өзге де  кәсіподақ бастамалары туралы айтып берді.

Семинарларға қатысушылар кәсіподақ қызметінің ең өзекті мәселелерін және әлеуметтік әріптестікті нығайту тетіктерін талқылады.

ҚРКФ-ның  Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова қатысушыларды Қазақстанның еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесімен таныстырды.

Павлодар облысындағы АКБ жанындағы Татуласу орталығының жетекшісі Марина Иванова қатысушыларға екі тарапты ымыраға келтіру жағдайларын, еңбек даулары бойынша сот органдарының шешімдерін мысалға ала отырып түсіндірді.

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының бас заңгері Людмила Голенкова еңбек дауларының алдын алу және шешу тетіктері мен Келісім комиссиясының жұмысын ұйымдастыру туралы әңгімеледі.

Қызылорда облысы АКБ бас маманы Майра Боранбаева әріптестеріне кәсіподақтың негізгі қағидалары және еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесі туралы айтты.

Қатысушылар  оқу бағдарламасының тәжірибелік тұрғыдан құнды екенін ерекше атап, қызығушылықпен тыңдағандарын айтты.

Кәсіподақ мүшелері Кәсіподақтар Федерациясына өз мүшелерінің құқықтық мәдениетін арттыру үшін интерактивті білім беру онлайн-платформасын жасағаны үшін ризашылықтарын білдірді.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы