«Еңбек саласында басшы мен жұмысшы арасында ашық диалог болуы керек, сонда ғана түйткілді мәселелер мен еңбек даулары туындамайды», – дейді Орал қалалық №16 ЖОББМ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрбике Қажымова.
Орал қалалық №16 жалпы орта білім беретін мектебі – өңірдегі ең ескі білім беру мекемелерінің бірі. Мектеп ұжымы үшін алдағы оқу жылы ерекше басталмақ. Себебі, 1967 жылы негізі қаланған аталмыш мектепке 2021-2022 оқу жылында 55 жыл толады. Білім шаңырағы жанынан кәсіподақ ұйымы 2016 жылы құрылып, бүгінгі таңда құрамына 123 кәсіподақ мүшесінің басын біріктіреді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрбике Қажымова өз сөзінде:
– Біздің бастауыш кәсіподақ ұйымымыз қызметкерлерге барынша қолжетімді, лайықты еңбек жағдайын жасап, қажетті қолдауын көрсетіп келеді. Білім беру ұйымдарының көпшілігінде жыл сайын табысталатын шипажайларға арналған жолдамалар жартылай тегін берілсе, ал біздің кәсіподақ – қызметкерлер үшін берілетін шипажайларға жолдамаларды 100% тегін ұйымдастыруымен ерекшеленеді. Биыл мектебімізден кәсіподақ қолдауымен алты мұғалім «Ақжайық» және «Сарыағаш» сауықтыру шипажайларына жолдама алып, демалыстарын бастап кетті, – дейді ол.
Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымы мектептегі мұғалімдермен қатар, кіші қызметкерлер үшін де жан-жақты қолдау жұмыстарын ұйымдастырып, әртүрлі шараларға белсенді қатысуларына көңіл бөледі. Ағымдағы жылдың 2-ші жартыжылдығында мектептегі кіші қызметкерлерге кәсіподақ атынан сыйақы табысталды. Сондай-ақ кәсіподақ ұжымдағы жас мамандар үшін әртүрлі бағыттағы байқаулар ұйымдастырып, жеңімпаздарын, белсенді кәсіподақ мүшелерін ынталандыру сыйлықтарымен, ақшалай сертификаттармен марапаттайды.
55 жылдық тарихы бар білім ошағының тағы бір ерекшелігі – бітірген түлектерінің сол мектеп қабырғасында маман ретінде қызмет етуі. Бұл орайда да кәсіподақ ұйымы «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында түлектерімен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Бастауыш кәсіподақ төрайымы кәсіподақ қозғалысына мектеп басшылығынан үнемі қолдау білдіріп жүретін №16 ЖОББМ директоры Мария Кабаковаға ризашылығын білдірді.