«Өмір сүру үрдісін бір сөйлеммен сипаттаңыз десе: «Адамдар арасындағы қарым-қатынас», – дер едім. Қоршаған ортамыздағы бұл қарым-қатынастардың орны тым бөлек. Соның ішінде ең өзектісі, ең маңыздысы, үлкен жауапкершілікті қажет ететіні – еңбек саласындағы қарым-қатынас деп ойлаймын. Ал, осы маңызды құрылымды бұзбай, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы өзара ынтымақтастық көпірін орнатуға жұмыс атқарып жүрген кәсіподақ бірлестіктерінің еңбегін атап өтпеске болмайды», – дейді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Айтпаева.
Еске сала кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы жылды – «Бастауыш кәсіподақ ұйымы» жылы деп жариялаған болатын. Соған орай, «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы», «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» атты арнайы республикалық байқаулар ұйымдастырылуда. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы аталмыш республикалық байқаудың облыстық іріктеу кезеңін өткізіп, үздік атанған бастауыш кәсіподақ ұйымдарын марапаттады. Облыс бойынша «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» аталымына Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының кәсіподақ ұйымы лайық деп табылса, «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» аталымымен аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Айтпаева марапатталды.
Құттықтау барысында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Айдар Батырханов облыстық деңгейінде үздік атанған сала қызметкерлеріне шығармашылық табыс, зор денсаулық тілей отырып, «Төлеген» шипажайына жолдамалар табыстады. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелеріне гүл шоқтарын ұсынып, Әл-Фараби Бекарысұлының «Найзағай көңіл» ән кешіне алынған билеттерді берді.