Кәсіподақтар күші – бірлікте

2018 жылғы 25 сәуірде Қызылорда қаласының №198 Ж.Нұрманов атындағы орта мектебінде «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Серік Сермағамбетовтың ұстаздар ұжымымымен кездесуі өтті.

Кездесудің алғашқы бөлімінде шараға қатысушылар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымы қолдауымен ашылған қалалық кәсіподақтық әдістемелік бөлмесінде болып, мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыстарымен танысты. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысымен таныстырған кәсіподақ ұйымы төрайымы Баян Акимбаева мектептегі барлық 136 қызметкердің барлығы кәсіподақ мүшелері екендігін, мұғалімдердің барлығы 18 сағаттық толық жүктемемен жұмыс жасайтындығын жеткізді. 

Орта мектептің залында өткен кездесудің екінші бөлімі 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналды. Қызылорда қаласының №198 орта мектебінің ұстаздары қатарында 25 ұлт өкілдері бірлікпен жұмыс жасайды, сонымен бірге оқушылары қатарында 9 ұлт өкілдері білім алуда.

Ұстаздар қауымын бірлік мерекесімен құттықтаған Серік Сағитжанұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл басында Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда білім саласына артылатын міндет жүгінің салмақтығын, адами капиталды жоғарылатуда басты басымдық – мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру және педагог кадрларды даярлау сапасына бағытталғандығын атап өтті. Өз кезегінде мектептің ардагер кәсіподақ мүшелері – ұстаздардың жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс жасау жағдайлары жайлы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Мерекелік тарихы еңбекшілердің ынтымақтастығынан бастау алған 1 мамырға орайластырылған шарада кәсіподақ мүшелері арасында жарияланған мектепішілік «Біздің кәсіподақ ұйымы» тақырыбындағы эссе байқауы жеңімпаздары марапатталды.