Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы ұйымдастырған «Үздік педагог-2021» қалалық байқауында №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің физика пәні мұғалімі, белсенді кәсіподақ мүшесі Райхан Нұрлыбекова «Бас жүлдеге» ие болды. Жас кезінен білімге құштар Райхан Нұрлыбекова 2009 жылы Шымкент қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің «Физика» факультетін, кейін елордаға қоныс аударып, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Техникалық физика» факультетінің «Физика» мамандығы бойынша магистратурасын оқып тәмамдайды.
«Менің өмірлік ұстазым, маған осы дүниенің барлық ерекшелігін кішкентайымнан танытқан, қоршаған ортадағы құбылыстарға қызықтыру мақсатында мені өзімен бірге қызықты тәжірибелерге баулыған – Әкем. Санама ой салған әкемнің алғашқы сабағы арманыма қанат бітіріп, білім биігіне шығуыма себепкер болды деп айта аламын. Әкемнің өрік ағашы мен шабдалы ағашының бұтағын будандастыру тәжірибесі маған керемет әсер етті. Қолыма дәптер ұстатып, будандастырған бұтаны бақылап, ерекшеліктерін дәптерге түсіріп отыруымды тапсырды. Кіп-кішкентай мен үшін сол кезде бұл бір үлкен шаруа еді. Қазіргі күні ой тоқтатып қарасам, осы қарапайым тапсырма арқылы-ақ, әкем мені тапсырған нәрсені соңына дейін жеткізуге, жауапкершілікке баулыды. «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек», – деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, балалық шағымда әкемнің зерттеушілікке баулыған тәрбиесі өзім армандаған мамандық иесі болуыма жетеледі», – дейді Райхан Нұрлыбекова.
Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік білетін Райханның ұстаздық жолында қол жеткізген жетістіктері өте көп. Соның ішінде 2016 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» ХІ республикалық педагогикалық олимпиадасының І дәрежелі дипломымен, 2020 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының ІІ дәрежелі дипломымен, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Оның шәкірттері де республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып келеді. Райханның айтуынша, ұстаз – оқушының шырағын жағатын, білімге үйретіп, оны пайдалануға дағдыландыратын, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. «Мен өз мамандығымды өте сүйемін, оқушыларыммен бірге бала болып, қиындықтан шығатын жол іздеуге көмек беретін, қуаныштарын еселеуге, болашағын өзгертуге жол нұсқай алатын маман иесімін. Менің мамандығым маған бақыт сыйлайды, әрбір оқушыларымның жеткен жетістігі менің мамандығыма деген сүйіспеншілігімнің дәлелі іспеттес», – дейді ол.
Р.Нұрлыбекова кәсіподақ ұйымының іс-шараларына белсене қатысады. «Кәсіподақ ұйымы тарапынан жыл сайын мерекелік сыйлықтар, ұжым мүшелеріне сауықтыру демалыс орындарына жолдамалар беріліп отырады. Қалалық «Әділет» кәсіподағы ұйымдастыратын іс-шараларға, соның ішінде білім қызметкерлері Спартакиадасы шеңберінде волейбол жарыстарына қатысып, үздік жеңімпаз ойыншысы атандым», – дейді Райхан.