Ақтөбеде кәсіподақ отандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруды қолдайды

Ақтөбеде шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Өңірде бірқатар шетелдік компаниялар бар. Жыл сайын сырттан келетін жұмыс күші де кеміп отырған жоқ. Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестік аясында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға көбірек көңіл бөледі. Яғни, қазақстандық қамтуды ұлғайту бойынша белсенді жұмыстарын жалғастыруда.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ж Ақбергенов комиссия жұмысына қатыса отырып, өз ұсыныстарын білдірді. Ол шетелдік жұмыс күшін қысқарту есебінен отандық жұмысшы мамандарды қайта даярлаудан өткізу, оқыту арқылы қазақстандық жұмысшыларды көбейтуді ұсынды.

Бұл ұсыныстарды комиссия мүшелері қолдады, 4 санат (1-3, 5) бойынша 58 квотаны (1155-тен 1097-ге дейін) қысқарту туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, шетелдік қатысуы бар 6 компанияның басшылығы мен өкілдері тыңдалды. Бұрын берілген рұқсаттарды ұзарту жөніндегі өтінімдер Комиссия мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, ішінара қанағаттандырылды.

Ақтөбе облысы кәсіподақтар бірлестігі жергілікті мамандардың біліктілік деңгейін, құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударады.