Медиация – дауды шешудің ең тиімді тәсілі

Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының бастамасымен Қарағанды облысы соттары өкілдерінің қатысуымен «Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау. Еңбек дауларын шешудегі татуласу рәсімдерінің ролі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Теміртау қалалық сотының, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның №2 сотының, Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығының, «КәсіпҚорған» кәсіподақтарының Жезқазған филиалының өкілдері, кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, «Zolotaya seredina-SM» ҚБ медиаторлары, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Заң клиникасы филиалының өкілдері және медиаторлары қатысты.

«Zolotaya seredina-SM» ҚБ медиация орталығының жетекшісі Бану Төлеубекова өз сөзінде еңбек даулары, әсіресе кәсіби ауруларды анықтау, нақтылау және қорытындылаумен байланысты еңбек дауларына қатысты түйінді мәселелер, оларды шешуге медиаторларды тартудың артықшылықтарын тілге тиек етті. Денсаулық сақтау саласында кәсіби аурулармен байланысты еңбек дауларын шеше білетін арнайы мамандарды дайындау жайына тоқталды.

Теміртау қалалық сотының төрағасы Талғат Амрашев және Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның № 2 сотының судьясы Бақытбек Шайзадаев аталған соттарда жиі қаралатын және қаралған еңбек дауларына қатысты істердің тәжірибесі, түйінді мәселелер туралы сөз қозғады.

Теміртау қалалық сотының төрағасы Талғат Амрашев аталған санаттағы істер бойынша татуласу рәсімдерінің алатын орны жайында сөз қозғап, татуласу рәсімдерін жүзеге асыру барысында нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында татуласу орталықтарына келіп түсетін өтініштер саны мен өткізілген рәсімдер санына қатысты мәліметтер жүйесін біріктіру туралы ұсыныс жасады.

Іс-шара барысында сөз алған Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина еңбек дауларын шешуде бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда татуласу рәсімдерімен аяқталатын істердің саны мен қоғамның медиация институтына деген қызығушылығының артып келе жатқандығына, еңбек дауларын шешуге үлес қосып жүрген кәсіподақтардың, оның ішінде татуласу орталықтарының алатын орнының ерекше екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы еңбекші әйелдері ісі жөніндегі комиссияның жұмысына, ағымдағы жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасының еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты қазіргі жағдайдағы қашықтан жұмыс жасау тәртібіне қатысты еңбек қатынастары саласында туындайтын қиындықтар жайына тоқталды. Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында туындайтын даулардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Заң клиникасының аймақтық филиалының басшысы Света Шардарбекова «КәсіпҚорған» кәсіподақтарының Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі Жанар Салықоваға «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС құрамына кіретін кәсіпорындармен өзара ынтымақтастық туралы Меморандум әзірлеу туралы ұсыныс жасады.