Ереуілге шыққан «Кезби» ЖШС мұнай сервистік кәсіпорны жұмыскерлерінің 12 талабының барлығы толықтай қанағаттандырылды. Еңбек төрелігінің мүшесі – Маңғыстау облысындағы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығына осылай деп хабарлады.
Төрелік комиссия мүшелері қол қойған «Кезби» ЖШС қызметкерлерінің ұжымдық талаптарын орындау туралы Хаттамаға сәйкес, 30 маусымда ереуілге шыққан «Кезби» ЖШС жұмыскерлерінің еңбекақыны 50 %-ға көбейту туралы басты талабы қанағаттандырылды. Сонымен қатар, 30 маусым мен 6 шілде аралығында жүргізілген келіссөздер процесінің нәтижесінде келесі шешім қабылданды:
– Сыйлықақы төлемдерін арттыру туралы – күрделі және жер асты ұңғымаларды жөндеу бригадаларының жұмысшыларына 25% бастап 35% дейін, сондай-ақ қосымша мамандар үшін 15-20%;
– жұмыс орындарын аттестациядан өткізгеннен кейін зиянды жағдайлар үшін ақы төлеуді қамтамасыз ету;
– қызметкерлерді еңбек өтілі бойынша бөлу туралы ережелер әзірлеу және тұрақты комиссия құру;
– қызметкерлерді стандарттарға сәйкес жабдықтармен қамтамасыз ету;
– кәсіпорынның жылдық кірісіне байланысты жылдың соңында 13-ші жалақы төлеуді қайта қарау;
– еңбек демалысы кезіндегі сауықтыру төлемдерін 50 АЕК көлемінде қамтамасыз ету мәселесін қарау;
– мерекелік күндерге яғни Мұнайшылар күні мен Тәуелсіздік күніне 30 АЕК мөлшерінде ақы төлеу;
– ұңғымаларды күрделі жөндеу (ҰКЖ) бригадалары шеберлерінің өндіріс басында тұру тәжірибесін тоқтату;
– өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне 2 санат үшін төлем мәселесін шешу туралы сұраныс жіберу;
– өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне ҰКЖ-да бұрғылаушы көмекшісіне қосымша штаттық бірлік енгізу туралы тиісті сұраныс жіберу;
– 2019-2021 жылдар аралығында жұмсалған қаражатты есептеу.
Атап өту керек, барлық материалдық төлемдер қосымша өндірістік жүктеме берілгенде және тарифтер көтерілгенде жүзеге асырылады. Әлеуметтік әріптестер бұл мәселелерді жедел шешуге уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, 30 маусымда «Кезби» ЖШС мұнай сервистік кәсіпорнының бірнеше жүздеген жұмыскері ереуілге шыққан болатын. Мұнайшылардың басты талаптарының қатарында жалақыны көтеру, тарифтік кестені қайта қарау, жабдықтарды талап етілетін стандарттарға сәйкестендіру, сондай-ақ мереке күндері жұмыс істегені үшін жалақы төлеу, он үшінші жалақы және денсаулыққа келтірілген зиян үшін өтемақы беру болды.
«Кезби» ЖШС мұнай сервистік кәсіпорнындағы жағдайды шешу жөніндегі еңбек төрелігі Жаңаөзенде 30 маусым-6 шілде аралығында жұмыс істеді. Оның құрамына Маңғыстау әкімдігінің өкілдері, жұмыскерлердің өкілдері, жұмыс берушінің өкілдері, Жаңаөзен қаласының әкімі, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармаасының өкілдері, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан Маңғыстау облысындағы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы кірді. 5 шілдеде Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жанынан Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бастаған жедел штаб құрылды, оның құрамына келесі қызметкерлер кірді: Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибагаров, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілі Дәулетжан Хасанов, Маңғыстау кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы, сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары. Облыс әкімі Серікбай Тұрымов пен «Yntymaq» салалық кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков келіссөз процесіне бақылаушылар ретінде қатысты.
Бұған дейін Федерация әлеуметтік әріптестер назарын «Кезби» ЖШС-дегі проблемалық мәселелерге аударған болатын.
Осылайша биыл ақпан айында кәсіподақтың араласуынан кейін компанияның 25 қызметкері жұмысқа қайта алынды.
Кәсіподақтар федерациясы «Кезби» ЖШС кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жүйелік шараларды Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аймақтық үшжақты комиссия отырысы аясында қарауға бастамашылық етеді.
Анықтама үшін: «Кезби» ЖШС 1992 жылы құрылды. Компанияда 1200-ге жуық адам жұмыс істейді. Мұнайсервистік компания Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына мұнай ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. «Кезби» ЖШС – «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай және газ өндіруші компаниясының ірі мердігері.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы