Кәсіподақ мүшелері халық қалаулысымен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің Жамбыл облысындағы салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының активімен кездесуі өтті.

Кездесуді ашқан жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кездесу мақсатымен таныстырып, Мәжіліс депутатына сөз берді. Өз сөзінде Мейрамбек Төлепберген Мәжілістің өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстары, оның ішінде «Nur Otan» партиясы депутаттарының істері туралы ақпарат берді.

– Алты айда заң шығару қызметі нақты бағытқа ие болды. Сенім биігінен көріну терең азаматтық, мемлекетшіл ұстаным және асқан жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Бұл тұрғыда депутаттар өз өкілеттігіне сай тыңдырымды қызмет атқарды. Қос палата депутаттарының қарауында 104 заң жобасы болды. Бүгінде олардың 63-і қабылданып, 58 заң жобасына Президент қол қойды. Қабылданған заңның барлығы да халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Кездесу нәтижелі пікір алмасу түрінде өтіп, қатысушылар депутатқа өз сауалдарын қойды. «Қазфосфат» ЖШС-нің кәсіподақ төрағасы Шахтыбай Байғанов еліміздегі азық-түлік бағасының асқақтап кеткендігіне тоқталып, Үкімет тарапынан бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының» Жамбыл облыстық филиалының заңгері Дина Орынбек сала қызметкерлерінің еңбекақы мәселесін көтерді. Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім саласындағы педагог емес қызметкерлердің жалақысын арттырып, әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударуды сұрады.

Кездесу соңында кәсіподақтың арасынан шыққан халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамының мәртебесін көтеру, әлеуметтік әділеттілікті орнату бағытындағы жұмыстарына сәттілік тілеп, жиында көтерілген мәселелердің тиімді шешілуіне белсенді атсалысатынына сендірді.