Еңбек адамы – экономиканың тірегі

“Қызмет – оңай емес. Айтпай келетін қауіп те, төтенше жағдай да орын алып жатады. Бастысы, қандай жағдай болмасын еңбек адамына қорған болар заң мен ұйымның бар екендігі қуантады”, – дейді Зинулла Хусаинов.

Зинулла Хусаинов 1968 жылы 4 тамызда дүниеге келген. Тәжірибелі маман, өз саласының үздігі атанған ол бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы, “Батыс Су арнасы” ЖШС Бас энергетик қызметінің ораушы-электромонтері болып қызмет етеді. Аталмыш кәсіпорында 2004 жылдың 28 қазанынан бастап, бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап келеді.

Ол өз сөзінде:
– Біздің мамандықтың, қызметтің атаулары өзінің ортасында ғана болмаса, былай көпшілігі біле бермейді. Дегенмен, қызметтің жауапкершілігі үлкен, жұмысы оңай емес. Әрине, жұмыстың оңайы бар ма?! Осындай жұмыс жүгін мойнына арқалап, қауіп-қатерге басын тігетін қызметкерлер үшін қорған болып, заң тұрғысынан, қажет болса әлеуметтік-материалдық жағынан қолдау білдіретін кәсіподақ ұйымына үлкен алғысымды білдіремін. Сапалы жұмыс күші үшін сенімді тірек керек. Бұл қызметті кәсіподақтар өз деңгейінде атқарып отыр деп ойлаймын, – дейді Зинулла Хусаинов.

Сондай-ақ еңбек ардагері өз сөзінде қызметтегі ұстаздық жолдың маңыздылығы туралы былай деді:
– Қандай қызмет болмасын, аға буын артындағы жастарды ерте білу керек, салаға бейімдеп, машықтандыруда жол бағдар болу қажет. Бұл саланың өміршеңдігі үшін аса маңызды. Бүгінгі таңда, кәсіподақ жұмысында да ұрпақтар байланыстығын нығайтуға, еңбек қатынастарындағы оқу-сауаттылықты арттыруға және шәкірт тәрбиелеуге бағытталған бірнеше бастамалардың бой көтергендігін көріп, іштей риза болғаным жасырын емес.