Ағымдағы жылдың 12 шілде күні Орал қаласы Достық үйі ғимаратында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, өңір басшысы Ғали Есқалиевтің қатысуымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIII сессиясы өткізілді.
Аталмыш отырысқа облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова қатысты. Кездесу барысында БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарына өзгерістер енгізіліп, жаңа құрам бекітілді. Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі болып қабылданды.
Отырыс аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту туралы мәселелер ортаға салынды. Соның ішінде «АгроСервис-Батыс» ЖШС бас директоры Армат Бисенов Агросекторда инновациялық технологияларды және шет елдік әріптестердің озық тәжірибесін қолдану туралы айтып өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін де облыстық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы өңірдегі агросектордың және экологияның өзекті мәселелерін бірнеше рет облыстық деңгейде көтеріп, фермерлердің әл-ауқаты туралы механизмдерді ортаға салған болатын. Бұл орайда, үш күндік оқыту-семинарлар да кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылды. Кездесуде кәсіподақ жетекшісі агрокешенді дамыту, ауылшаруашылығын ілгерілету, фермерлер әл-ауқатын жақсарту бойынша кәсіподақ позициясын жеткізді.