Кәсіподақ мүшелері сот өкілдерімен кездесті

2021 жылғы 13 шілде күні Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен “Еңбек дауын соттан тыс және сотқа дейін реттеу” тақырыбында кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізілді.

Кездесуге кәсіподақтар орталығының мамандары, салалық, бастауыш кәсіподақ мүшелері, әлеуметтік әріптестер қатысты. Жиынның спикері, Ақтау қаласының №2 сотының судьясы Қанзиба Рысқалиева “Еңбек дауын соттан тыс және сотқа дейін реттеу” тақырыбы бойынша мәселелерге тоқталды. Кездесу барысында қатысушылар еңбек қатынастарына қатысты шиеленістерді, еңбек ұжымындағы Келісім комиссиясының жұмысы жөнінде және ұжымдық шарттың өзекті, өзгеріске жиі ұшырайтын пункттері туралы сұрақтарын қойып, еңбек қатынастарына қатысты мәселелермен бөлісіп, қажетті кеңестер алды.

Сонымен қатар, «Халықаралық медиация орталығы» АҚҰ өкілдігінің директоры, кәсіби медиатор Мұса Нұржанов ағымдағы жылы облыстық кәсіподақтар орталығымен бірге атқарылған құқықтық шараларға тоқталып, кәсіподақ мүшелерінен келіп түскен арыз-шағымдарды сараптады.

Кездесу соңында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы шара қатысушыларын құқықтық сауаттылықты арттыруға шақырды. Бүгінде облыстық соттар мен Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасақтау жоспарлануда.