Әйелдер еңбегін реттеу бойынша заң нормаларын қолдану тәжірибелері талқыланды

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы барысында әйелдер еңбегін реттеу бойынша заңнаманы жетілдіру нәтижелері және халықаралық стандарттарды енгізу процесіндегі белсенділік мәселесі талқыланды.

Комиссия отырысын ашқан аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев әйел азаматтардың экономикада, еңбек саласында, басқаруда, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі орнының маңыздылығын атап өтті.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен қабылданған Гендерлік саясат тұжырымдамасынан туындайтын кәсіподақ ұйымдарының, жұмыскер әйелдер комиссияларының жұмыс бағыттары қаралды. 2021-2023 жылдарға арналған Облыстық келісім мен ұйымдардағы Ұжымдық шарттарда әйелдер еңбегін реттеу бойынша міндеттемелердің көзделу барысы да ортаға салынды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының төрайымы Майра Боранбаева Қазақстан Республикасында Әйелдер еңбегін реттеу және ананы қорғау мәселелері бойынша әлемдік қоғамдастықпен интеграция бағыттары, ратификацияланған Конвенция талаптары, заңнамаларда әйелдер еңбегін реттеу ерекшеліктері, Еңбек кодексі және ана мен баланы әлеуметтік қолдау заңнамаларындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпараттармен бөлісті.

Комиссия мүшелері әлеуметтік әріптестердің назарын еңбек етуші әйелдердің жағдайына аудару, әйелдер еңбегінің жағдайларын одан әрі жақсарту бойынша, әйелдердің зейнеткерлік жасын қысқарту, мемлекеттен қаржыландырылатын салалардағы жалақысы көбейтілмеген қызметкерлер санатын қайта қарау, ұжымдық шарттарда әлеуметтік қолдау мәселелерінің ауқымын көбейту шаралары туралы өз ой-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, комиссия төрайымы М.Боранбаева комиссия мүшелерімен Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры ынтымақтастығы шеңберінде Федерацияның республикалық әйелдер комиссиясы делегациясы құрамында қатысқан «Әйелдердің саяси қатысуы және көшбасшылық қасиеттерін дамыту» тақырыбындағы үш күндік семинар-тренингте талқыланған ақпараттар мен әйелдер көшбасшылығы дағдыларын жетілдіру әдістерімен бөлісті.