Кәсіподақтар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті

Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл және Ғалым Әмреевпен облыстық кәсіподақ ұйымдары төрағаларының кездесуі өтті.

Кездесуде депутаттар «NurOtan» партиясының сайлауалды бағдарламасы» Жол картасының жүзеге асырылу барысы жайлы, атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғап, кәсіподақ көшбасшыларымен өңірдегі еңбек ұжымдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайлары бойынша пікір алмасты.

«Мемлекетпен ұсынылған уақыт талабына сай жедел және нақты қадамдардың арқасында елімізде сапалы заңдар қабылданып, ол заңдар әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге, өмір сапасын арттыруға ықпал етуде. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда аймақтарға артылатын міндет жүгі салмақты. Кәсіподақтар да өз ретінде осы жұмыстарда белсенді қызмет атқарады, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылық пен жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау – басты бағытымыз», – деп атап өтті алғысөзде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев.

Облыстық кәсіподақтар төрағасы депутаттарға аймақтағы еңбек қатынастары бойынша ахуалды және еңбек ұжымдарында қалыптасқан өзекті мәселелер бойынша әлеуметтік әріптестік шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы ақпарат берді.

Кездесуге қатысқан Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы төрағасы Серік Мырзаханов вахталық жұмыскерлердің кеніш орындарына бару-қайту уақыттарының жұмыс уақытына енгізілуін заңнамалық айқындау қажеттілігі, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымы төрағасы Гүлнәр Есқалиева білім саласындағы медицина қызметкерлерінің, кітапханашылар мен кіші қызметкерлердің жалақысы мәселесі жайлы ұсыныс-пікірлерін білдірді.