Шымкентте қауіпсіз еңбек туралы семинар өтті

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов бірігіп «Отау строй» ЖШС-де еңбек қауіпсіздігі бойынша семинар өткізді.

Семинарда еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу, медиация жұмыстарын жүргізу, кәсіподақ ұйымдарын ашу жөніндегі мәселелер қозғалды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Отау строй» ЖШС-де кәсіподақ құрылмаған. Серіктестікте жалпы 778 адам жұмыс жасайды. Мекемеде 2019 және 2020 жылдары жазатайым оқиға салдарынан жалпы 2 адам өлімі тіркелген.

Бауыржан Ілімшеұлы мекемеде жазатайым оқиға қайталанбауы мақсатында кәсіподақ ұйымын құру қажеттілігі бойынша түсіндіріп өтті. Кәсіподақ бақылауында болған мекемелерде жазатайым оқиға орын алмаған. Мекемеде кәсіподақ құрылмаған соң, ұжымдық шарт та жасалмаған. Кездесу аясында ұжымдық шарттың маңыздылығы жайында да мәліметтер берілді.