SENIM «Үздігі» – ел сенімін ақтауда

Зинұр Жүсіпұлы Сәткеш 1990 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ақ халатты абзал жан болуды армандаған ол 2013 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина мамандығы бойынша бакалаврі атанды.

Ал, 2015 жылы аталмыш оқу орнында хирургия бойынша интернатураны сәтті аяқтайды. Оқу орнын бітіре сала, еңбек жолын Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданындағы №2 Казталов аудандық ауруханасында хирург дәрігер болып бастайды. 2018 жылы Орал қалалық Көпбейінді ауруханасында дәрігер хирург болып қызмет етті. Сондай-ақ аталған еңбек ұжымында қызметкерлердің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, еңбек қатынастарындағы маман құқығы мен талабы жолында белсенді жұмыстар атқарып келеді. Зинұр Сәткештің біліктілік, белсенділік қабілеттері, қоғаммен ашық диалог жасауға бейімділігі пандемиялық ахуал кезінде ерекше көрініс тапты.

Ол елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері жауапкершілігін еселей отырып, өз еркімен жұмыста қалған қызметкер. Еске сала кетейік, алдыңғы жылдың 24-ші сәуір күні «Тенгиз Шевройл» компаниясында вахталық режимде жұмыс жасайтын Батыс Қазақстан облысының 279 тұрғыны үйлеріне қайтарылып, 14 күн станционарда жатқызылу керек болды. Сол кезде жұмысшылар тарапынан агрессиялық ұстанымдар болып, медициналық тексеруден бас тартқан еді. Аталмыш станционардағы қабылдаушы хирург дәрігер – Зинұр Сәткеш болды. Өз ісін әркез адал, ұқыпты орындайтын жас хирург сол мезетте жұмысшыларды қабылдап, ашық диалог жасап, оларға ахуалды түсіндіріп, өзара түсінісіп, толық анализдік-тексеріс жұмыстарын жасауға мүмкіндік алды. Халық алғысын арқалап, науқастардың басы-қасында жүрген Зинұр Жүсіпұлы аз ғана уақыттың ішінде өзін жан-жақты көрсетіп, қабілет-деңгейін дәлелдей алды. Бүгінгі таңда, жас маман – аурухана басшысы лауазымына лайық деп саналып, ағымдағы жылы «Казталов ауданының ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры қызметіне тағайындалды. Өз кезегінде ақ халатты абзал жан кәсіподақ қозғалысындағы белсенді әрекеттерін жалғастырып келеді.

Кәсіподақ тарапынан бастау алған «COVID-19.Қауіпсіз еңбек» акцияларына қолдау көрсетіп, мониторингтік-ақпараттық, түсіндірме жұмыстарына үлес қосуда. Денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбегі үшін «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалы қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысындағы Казталов ауданы – қызыл аймақ тізімінен шықпай отыр. Бұл орайда, Зинұр Сәткеш жауапкершілігін алға тартып, тұрғындармен жиі диалогтар жасап, дәрігерлік қызметін адал атқарып жүрген жандардың бірі.