Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қорының басшысы Бибісара Бисембаевамен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында тараптар «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасын жүзеге асыратын болады.
Еске салып өтейік, кәсіподақ мүшелеріне бір мезетте денсаулығын түзеуге және біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін бірегей жобаны осы айдың басында ҚРКФ Атқару комитетінің мүшелері бірауыздан мақұлдаған болатын.
Жобаның бірегейлігі – кәсіподақ мүшесі он күн ішінде «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығындағы ем-домын кәсіподақтық білім алумен үйлестіреді.
Жобаның тең авторы, жоғарыда аталған қор басшысы Бибісара Бисембаеваның айтуынша, медициналық оңалту орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған әрі жоғары білікті мамандармен қамтылған.
«Коронавирус біздің қаншалықты қажет екенімізді көрсетіп берді. Локдаундар өңірлердегі науқастардың қозғалысын шектеуде. «Ем ал! Демал! Білім ал!» жобасына Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын кез-келген кәсіподақ мүшесі қатыса алады. Бұл үшін алдымен өзі тіркеуде тұрған медициналық ұйымдағы учаскелік дәрігеріне көрініп, анализдерін тапсырып, амбулаториялық картасын ашады. Емдеуші дәрігері арқылы порталда орталыққа жатуы расталған соң, жолдамасын алып, ПТР-тестінің қорытындысымен бізге келеді. ПТР-тесті вакцина паспорты болған күннің өзінде міндетті саналады. Ал кәсіподақтық жолдамаға кететін шығынды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы азайтуға болады»,-дейді Бибісара Бисембаева.
Жоба аясында кәсіподақ мүшелері 10 күн ішінде қазіргі заманға сай оңалту процедураларын қабылдайды әрі Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінен жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіне қатысты 10 түрлі тақырып бойынша дәріс алады.
Білім беру-сауықтыру жобасы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында пилоттық режимде жуырда іске қосылады. Ал 2022 жылдан бастап тың тәжірибе кәсіподақтық шипажайларға таратылады. ҚРКФ жоба арқылы бір күнтізбелік жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесін қамтуды жоспарлап отыр.
Бүгінгі қол қою рәсімінде орталықта бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылғаны мәлім болды. Жаңа ұйым «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РКБ құрамына енді.
«Орталықта қазір 86 адам жұмыс істейді. Бастауыш кәсіподақ ұйымына 56 адам мүшелікке өтті. Қалған қызметкерлер екі айдың көлемінде кіреді. Осылайша кәсіподақ мүшелігімен 100% қамтылғалы отыр. Бұл орталық қызметкерлерінің қалауы. Себебі біз ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмыскерлердің шынайы қорғаны екеніне көзіміз жетіп отыр әрі бұнда жұмыскерлерді қорғаудың бай тәжірибесі қалыптасқан. Қазіргі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайда жұмыскерлерді лайықты еңбекақымен және лайықты еңбек жағдайымен қамтамасыз етудің өзектілігі артып келеді. Сондықтан біз осы бағытта өзімізді жетілдіріп, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жұмыс берушілер қатарынан болғымыз келеді,-деді Бибісара Бисембаева.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы