Еңбек дауларын сотқа дейінгі реттеу жөнінде дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы және қалалық соттың бірлесіп ұйымдастыруымен «Еңбек дауларын сотқа дейінгі реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Оған Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы Гүлжамал Тайбағарова, Байқоңыр аудандық сотының төрешісі Сәуле Спандиярова, қалалық еңбек инспекторы Мақсат Дүйсенов, Байқоңыр аудандық прокуратурасының өкілі Әлия Қыстаубаева, қалалық нотариаттық палатасы төрайымының орынбасары Салтанат Жоламанова және ҚРКФ жанындағы “Татуласу орталығының” жетекшісі Әсел Молдағалиева қатысты.

Алдымен сөз алған елордалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов: Елордада биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 12 әлеуметтік-еңбек дауы орын алды, соның ішінде бірнеше рет наразылық акциясына шыққан еңбек ұжымдары да бар. Кәсіподақтар еңбек дауларын шешу бойынша барлық келіссөздер процестеріне қатысып келеді. Жұмыскерлер жалақыны арттыру, жалақыны индекстеу және лайықты еңбек жағдайларын жақсарту, тамақпен, маусымдық арнайы киіммен қамтамасыз ету талаптарын қойды. Айта кетерлігі, негізінен еңбек даулары орын алған кәсіпорындардың көбісінде кәсіподақтар жоқ болып отыр. Керісінше, кәсіподағы бар бірқатар еңбек ұжымдарында еңбек дауларының алды алынып, мәселелер шешілді. Сонымен қатар, кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек кикілжіңдеріне әкелуі мүмкін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күнделікті мониторингі бақылауға алынды және оны шешу жөніндегі жұмыс тобының жұмыс жоспары мен өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді,-деп атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар, әсіресе еңбекақының төленбеуі бойынша арыз немесе шағым түсіргендермен өз құзіреттілігі бойынша жыл басынан бері жасалған жұмыстарына тоқталды.

Айта кетерлігі, кәсіподағы жоқ кәсіпорындарда жұмыскерлердің құқықтары қорғала бермейді. Жұмыс берушілер өз мүдделерін ғана ойлайды. Сондықтан алдағы уақытта келісім комиссияларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлесіп жұмыстар атқару мәселесі алға қойылды.