Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, онда “Ақтөберентген” АҚ зауытының, облыстық перинаталдық орталықтың, онкогематология орталығының қызметімен және №1 қалалық емхананың жұмысымен танысты, сондай-ақ КВИ-мен күрес жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді.
Эпидемиологиялық жағдайды талдау матрицасына сәйкес Ақтөбе облысы 2021 жылғы 9 шілдеден бастап “қызыл аймаққа” кірді, пандемия басталғаннан бері өңірде КВИ-дің 14 142 жағдайы тіркелді, бүгінде 2 490 пациент ем алуда, оның 503-і стационарлық деңгейде, 1 987-і амбулаториялық деңгейде. 1 қаңтардан бастап Ақтөбе облысында 294 жүкті әйел КВИ-мен ауырды, бүгінде олардың саны 57-ді құрайды.
Облыста коронавирустық инфекция бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін барлығы 24 инфекциялық стационар дайындалды. Қазіргі уақытта 18 стационар ашылып, жұмыс істеуде, 6 стационар резервте тұр.
“Ақтөбе облысындағы бүгінгі жағдай үлкен алаңдаушылық тудырып отыр, себебі, төсек-орындарға сұраныс одан әрі өссе, төсек қорының жетіспеушілігіне және тиісінше халық үшін стационарлық көмекке қолжетімділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдарға санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, құқық қорғау органдарының, ішкі саясат басқармасының және т.б. белсенді қатысуымен КВИ алдын алу және вакцинация мәселелері бойынша облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет”, – деді А.Цой.