– Қазіргі ахуал бәрінен де денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер үшін оңай тиіп жатқан жоқ. Қызметке деген жауапкершіліктің еселенуімен қатар, психологиялық-әлеуметтік жағынан бекей түсудеміз. Әсіресе, өзім секілді жас мамандардың мұндай жан-жақтылыққа бірден үйреніп кетулері қиынға соғуда, – дейді кәсіподақ мүшесі, ШЖҚ МКК «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» көшпелі бригада фельдшері Тілеген Қажмұрат.
Бүгінгі таңда ШЖҚ «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» мемлекеттік мекемесінде 653 қызметкер еңбек етуде. Олардың 598-і облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері болып табылады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен еңбек ұжымында бұқаралық спортты қолдауға, жұмысшы еңбегін бағалауға бағытталған мәдени іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ қызметкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында, заңнамалық біліктіліктерін дамытуға бағытталған «Қауіпсіз еңбек», «Еңбекті қорғау» тақырыптарында практикалық-сабақтар, оқыту семинарлар ұйымдастырылады. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Сара Кабдушева – денсаулық сақтау саласының үздігі, кәсіподақ белсендісі . Маман жүрегіне жол таба білетін білікті кәсіподақ жетекшісінің бастамасымен әр мереке сайын ұжым қызметкерлері алғыс хаттармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады. Әсіресе, жедел жәрдем көлігінің жүргізушілеріне, жас фельдшерлерге, ардагер қызметкерлерге кәсіподақ тарапынан ерекше назар аударылып, құрмет білдіріледі.
Сонымен қатар мекемедегі көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топ өкілдеріне материалдық, гуманитарлық қолдаулар тұрақты түрде көрсетіледі. «Құрамда жас мамандар басым болғандықтан мәдени іс-шараларға белсенді қатысу – ешқандай мәселе емес. Соның ішінде спорттық шараларды ұжымымызбен ұнатамыз. Тіпті, арнайы құрама командамызда бар. Кәсіподақ әрдайым қолдау білдіріп отырады. «Денсаулықты сақтау» – басты ұранымыз болса, спортпен айналысуға үндеу – ұстанымымыз», – дейді кәсіподақ жетекшісі.
Еске сала кетейік, 2021 жыл – ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Бастауыш кәсіподақ ұйымы» жылы болып жарияланды. Соған орай «Үздік бастауыш ұйым» республикалық байқаулары жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысынан бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымдары аталмыш байқауға қатысып, бақтарын сынамақшы. Солардың бірі – Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы.