kartv.kz: “КЕНШІЛЕРШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСТІ”

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қызметкерлерінің жалақысы 6 пайызға көтерілді. Тау-кен металлургиялық компания мен кәсіподақ арасындағы алты апталық келіссөздердің нәтижесі осындай

“АрселорМиттал Теміртау” АҚ бас директоры Наир Биджу  компанияның құрылымдық бөлімшелеріне кіретін барлық қызметкерлердің жалақысы 1 шілдеден бастап өсетінін атап өтті. Бұл  Кәсіподақтар федерациясының “Жақтау”, “Қорғау” мүшелік ұйымдарымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі. Өсім жартылай 20 000 теңге көлемінде, қосымша бекітілген тұрақты сипаттағы ай сайынғы төлем түрінде және жартылай жұмыскерлер жалақысының 6 пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады. Кәсіподақтар мен кәсіпорын әкімшілігі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында шілде айының басында компанияның барлық жұмысшыларына әлеуметік қолдау ретінде бір реттік 150 000 теңге төлеу де қарастырылыпты. Облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков кеншілердің   еселі еңбегіне куә болып, Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның  еңбеккерлерімен кездесті.

Болат ЖҰМАБЕКОВ,  облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы:

–  “АрселорМиттал Теміртау “АҚ әкімшілігі еңбеккерлерінің мүддесі үшін  тиімді келіссөздерге баратыны қуантады. Бұл компанияның ашықтығын көрсетеді. Металлургтер мен кеншілерді 1 шілдеден бастап жалақы мен үстемеақы мәселесі шешілгенімен құттықтағым келеді. Кеншілермен кездескенде, олардың бірінші сұрағы – жалақы.

Кәсіподақтар мен «АрселорМиттал Теміртау»  әкімшілігі арасындағы бірыңғай ұжымдық келісімшартта жұмыскерлер жалақысын жыл сайын индекстеу қарастырылған. Тек осы жылдың өзінде ол 7,5 пайызды құрады. Кеншілерді толғандыратын тағы бір мәселе бар. Ол зейнет жасын төмендету.

Мұқаш БАЗЫЛОВ,  Т.Күзембаев атындағы шахтаның әкімшілік мәселелері бойынша директор орынбасары:

–  Тау-кен жұмыстары өте ауыр қызмет екені баршамызға мәлім.  Ал, кеншілер үшін 63 жаста зейнетке шығу өте қиын. 50-55 жас аралығындағы қызметкерлеріміз денсаулықтарына байланысты әрі қарай жұмысты жалғастыру қиынға соғатынын айтып, жиі шағымданады. Расымен де  63 жасқа дейін жұмыс істегенімен, алайда денсаулығынан айырылады.  Бұл өте қиын.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы кеншілердің жалақысы 30 пайызға, металлургтердікі 18 пайызға өсті. Ал, 2019 жылы компанияның барлық санаттағы қызметкерлері үшін өсім 10,75 пайызды құрады.

Азамат СЕРІКХАН

https://kartv.kz/kz/news/society/kenshiler-men-metallurgterdin-enbek-zhagdaiy