Кәсіподақтық білім марафоны – Ақтөбеде

Кәсіподақтар федерациясы  кәсіподақ мүшелерінің келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталған онлайн білім марафонын әрі қарай  жалғастыруда. Бүгін кәсіподақтық лекторлар Ақтөбе облысындағы кәсіподақ активі мен атом өнеркәсібі саласындағы кәсіподақ белсенділеріне дәріс оқыды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, бұл шараның   Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға -бірлікте» атты 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында айқындалған мақсат-міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті.

«Кәсіподақтық білім марафонының басты мақсаты – өздеріңіз сияқты кәсіподақ кадрларының құқықтық сауатын көтеру»,-деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Бұдан соң Кәсіподақтар федерациясындағы Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов семинар қатысушыларын еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер, толықтырулармен таныстырды.

Семинарды әрі қарай   Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова жалғастырып,  қатысушыларға еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы баяндады.

ҚРКФ-ның Павлодар облысындағы Заң клиникасы мен «Татуласу Орталығы» келісім орталығының бастығы Марина Иванова болса, еңбек дауларын шешу жолдарын заңды күшіне енген сот  шешімдерін мысалға ала отырып түсіндіріп берді.

Семинар әрі қарай  ашық диалог түрінде жалғасып, қатысушылар дәріскерлерден өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы