Өмірі өнеге, ісі үлгі азамат

Аманғалиева Эльвира Есіркепқызы 1989 жылы Орал ағарту училищесін «Кітапхана ісі» мамандығы, 1995 жылы Самара мемлекеттік мәдениет және өнер институтын «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітірген.

1989 жылы еңбек жолын А.П.Гайдар атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында кітапханашы болып бастап, кейін әдіскер қызметін атқарады. 2005-2012 жылдар аралығында кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қызмет етті. 2007 жылдан бастап ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы, 2012 жылы кітапхана директорының орынбасары болып еңбек етсе, 2021 жылдың ақпан айынан бері Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры болып қызмет атқарады.

«Білгеніңмен бөліс» ұстанымын қызметінің басына қоятын ол өңірдегі жоғарғы және арнаулы оқу орындарда білім алушы болашақ кітапханашыларға машықтану кезінде бірнеше рет жетекшілік етіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сондай-ақ аудандық кітапханалардағы жұмысты жан-жақты, белсенді ету мақсатында әріптестеріне арнайы сапарлап, қажетті қолдауын көрсетіп келеді.

Эльвира Аманғалиева – білікті маман ретінде Қазақстанға ғана емес, сондай-ақ Ресей Федерациясының көршілес аймақтарында да мойындалған еңбек адамы. Осы уақытқа дейін бірқатар халықаралық онлайн конференциялар мен шығармашылық акциялардың, байқаулар мен халықаралық деңгейдегі кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шығармашылық зертхана және түрлі іс-шаралардың ұйымдастырушысы және қатысушысы болды.

Кәсіби шеберлігі, шығармашылық қабілеті және таңдаған мамандығына адалдығы үшін Батыс Қазақстан облысындағы кітапхана ісінің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен (2011 ж.) және «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен (2016 ж.), ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2018 ж.) марапатталды.

Сонымен қатар, білікті басшы, тәжірибелі маман Эльвира Есіркепқызы – кәсіподақ белсендісі. «Жемісті жұмыс үшін қызметкер мен басшы арасында адалдық, жауапкершілік, сенімнен құралған алтын көпір керек. Ал, ол көпірді жалғаушы бірден бір ұйым – кәсіподақ», – дейді ол.