«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Қостанай облысы Заречное ауылы «ТЭРРА» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «ТЭРРА» шаруа қожалығы жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ активімен кездесті.

Кездесу барысында қатысушылар шаруа қожалығының және оның бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты.

Қостанай облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Ирина Аронова қатысушыларға арнаған сөзінде Кәсіподақтар орталығының Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының филиалымен жемісті ынтымақтастығын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының филиалы –  аймақтағы ең белсенді салалық кәсіподақтардың бірі. Осы жылы бірлескен жұмыс нәтижесінде үш жаңа кәсіподақ ұйымы құрылды және тағы бірнеше кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде», – деп атап өтті Ирина Аронова.

Оның айтуынша, «ТЭРРА» шаруа қожалығы көпжылдық және берік кәсіподақ дәстүріне ие, оның басшылығы әлеуметтік жауапты жұмыс берушінің жарқын үлгісі болып табылады.

«ТЭРРА» шаруа қожалығының басшысы Владимир Семейкин кездесуге қатысушыларға кәсіпорын қызметі туралы айтып берді.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, шаруа қожалығы 1999 жылы 19 мамырда құрылған. Негізгі қызметі – Қостанай облысының суармалы жерлерінде тауарлық және тұқымдық картоп және басқа да көкөністерді өндіру. Жылдық өндіріс көлемі шамамен 11 мың тонна картоп пен көкөністі құрайды.

Владимир Семейкин кәсіподақтардың кәсіпорында қатысу артықшылықтарына тоқталды.

«Біз бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсынысты құлшыныспен қабылдадық. Басшы ретінде мен кәсіподақтың бірнеше бағыт бойынша артықшылықтарын анықтадым. Біріншіден, қалыпты өндірістік қатынастарды құру және реттеу жұмыс өзегінсіз мүмкін емес. Ұжымда адал еңбекке ынталандыру мәселелері көтеріледі, еңбекті қорғау, сапалы жұмыс орындарын құру және әлеуметтік қолдау шаралары туралы сұрақтар туындайды. Сонымен қатар, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру маңызды. Бұл тармақтардың барлығы біздің ұжымдық шартта көрсетілген. Біздің кәсіподақ активіміз – кәсіпорын идеологиясының жетекшісі», – деп атап өтті «ТЭРРА» шаруа қожалығының басшысы.

«ТЭРРА» ШҚ бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары, «Келешек» жастар қанатының мүшесі Татьяна Салко бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорынның жұмыскерлерінің саны 90 адамды құрайды, олардың 71-і – кәсіподақ мүшелері. 2011 жылы 28 наурызда бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешім қабылданды, оның төрағасы болып Александр Ткаченко сайланды.

Татьяна Салконың айтуынша, кәсіпорында 2016 жылы жасалған ұжымдық шарт бар.

«Қолданыстағы ұжымдық шартқа сәйкес, өмірлік қиын жағдайға тап болған қызметкерлерге (қайғылы оқиғалар, емдеу, табиғи апаттар) қаражат бөлу, жерлеуге материалдық көмек, мерейтойлар кезінде қызметкерлерді марапаттау,  қызметкерлерге жаңа жылдық сыйлықтар беру, шипажайларда сауықтыру, қызметкерлердің балаларының сауықтыру лагерьлерінде демалысын ұйымдастыру, мәдени, спорттық және сауықтыру шараларын қаржыландыру сияқты жеңілдіктер мен кепілдіктер беріледі. Кәсіпорында стоматологиялық кабинет бар», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.

Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы филиалының төрағасы Зәуре Жұмабекова филиал жұмысындағы маңызды бағыттарға тоқталды.

Оның айтуынша, Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының филиалы 54 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді және 2560 кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғайды.

«Кәсіподақтардың қатысуымен облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы 54 ұйымда 52-сінің ұжымдық шарттары бар. Барлық қол қойылған ұжымдық шарттар филиалда міндетті заңды тексеруден өтеді, содан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 156-бабының 11-тармағына сәйкес жергілікті еңбек инспекциясы органына тіркеуге ұсынылады», – деді Зәуре Жұмабекова.

Ол облыстық Кәсіподақтар орталығымен және әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықты атап өтті. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы маңызды нәтижелер де атап өтілді.

«Біздің филиалдың кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен кәсіпорындарда 48 келісім комиссиялары құрылды, онда 12 жеке еңбек даулары қаралды, оның шеңберінде 24-тен астам қызметкерге құқықтық көмек көрсетілді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 19 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Еңбекті қорғау заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды еңбекті қорғау жөніндегі 34 техникалық инспектор жүзеге асырады», – деді Зәуре Жұмабекова.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева депутаттық корпустың әлеуметтік-еңбек қатынастарын заңнамалық реттеу жөніндегі бастамалары туралы айтты.

«Депутаттық корпус көтерген мәселелердің бірі ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлық әлеуетті сақтауға байланысты. Бұл ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары бойынша түлектерді дайындайтын ауылдық колледждерді қайта құруға қатысты. Бұл мәселе Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында бар. Біз бұл мәселені ҚР Білім және ғылым министрлігімен талқылауға ниеттіміз», – деді депутат.

Саланың мәселелері туралы айта отырып, ол салалық жалақы жүйесін құру бойынша қарастырылатын тәсілдер туралы хабарлады.

«Республикалық үшжақты комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы салалық комиссияларға жалақы жүйесінің салалық стандарттары бойынша өз ұсыныстарын әзірлеуді тапсырды», – деді Екатерина Смышляева.

Кездесу барысында еңбек ұжымы агроөнеркәсіптік кешендегі жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру бойынша өзекті мәселелер мен нақты ұсыныстар айтты.

Сала қызметкерлері ветеринарларға жыл сайынғы негізгі еңбек демалысына шыққан кезде олардың жалақыларының төмендігін ескере отырып, оларға сауықтыру төлемдерін төлеу нормаларын заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, кәсіпорындар жанындағы өндірістік кеңестердің рөлін арттыру қажеттілігі айтылды.

«Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде 203-баптың 3-тармағында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс беруші мен қызметкерлер үшін міндетті болып табылады. Бірақ өндірістік кеңестер құру мәселесі жұмыс берушінің міндеті ретінде ҚР Еңбек кодексінің 23-бабында қарастырылмаған», – деп атап өтті жұмысшылар.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы кадр тапшылығы мәселесі де аталып өтті.

Кездесуді қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестік деңгейін жоғары бағалады және кәсіподақ ұйымының қолдауы үшін жұмыс берушіге ризашылығын білдірді.

Ол кәсіподақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, соның ішінде жалақы жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударды.

«2021 жылы наурызда Үкімет, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Оның мазмұны бойынша алғаш рет үш республикалық кәсіподақ бірлестігі бірлесіп жұмыс жасады. Біз жаңа Бас келісімге жалақы жүйесін жетілдіруге, соның ішінде ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыруға, барлық меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жалақы индекстеуін заңнамалық тұрғыдан бекітуге және ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Конвенциясын ратификациялауға арналған нормаларды енгізе алдық», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Оның пікірінше, төмен жалақы – бұл еңбек дауларының негізгі себептерінің бірі.

«Жыл басынан бері Қазақстанда 40-тан астам еңбек дауы болды. Тек 18 кәсіпорында ғана кәсіподақ ұйымдары бар. Жұмысшылардың талаптары көбінесе жалақының жоғарылауына және еңбек жағдайларының жақсаруына қатысты болды. Кәсіподақтардың барлық дауларды шешуге қатысуы келіссөздердің неғұрлым мағыналы болуына, олардың мерзімдерін қысқартуға және мерзімінен бұрын келісуге әкелді», – деді Мұхтар Тінікеев.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары еңбек дауларын медиация рәсімдерін қолдану арқылы шешудің маңызды рөлін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы мен Жоғарғы Сот арасындағы меморандум аясында кәсіподақтардың барлық аумақтық бірлестіктерінде «Татуласу орталығы» жұмыс істейді. Нәтижесінде қиындықтарға тап болған көптеген жұмысшылар өздерінің еңбек дауларын шешті. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы жанынан Заң клиникасы ашылды, онда кәсіподақтың әрбір мүшесі тегін заңгерлік кеңес ала алады», – деді Мұхтар Тінікеев.

Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылаудың әлсіз деңгейі де өзекті мәселелер қатарында атап өтілді. «Бүгінде мемлекеттік еңбек инспекторларының саны небәрі 256 адамды құрайды. Егер ХЕҰ ұсыныстарына сәйкес олардың коэффициенті 10 мыңнан аспайтын қызметкерге 1 инспектор болуы керек болса, онда Қазақстанда 23 мың қызметкерге 1 инспектор келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлардың жұмысында көптеген шектеулер бар, бұл оларға мемлекеттік бақылау функцияларын толығымен жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Кәсіподақтар федерациясы бірнеше рет мемлекеттік еңбек инспекторларының мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру және еңбек инспекциясын әкімдіктердің құзырынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру туралы бастама көтерді», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Сондай-ақ, ол Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастарын реттеумен мақсатты түрде айналысатын дербес ведомство – Еңбек министрлігін құруды қолдайтынын айтты.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы