2021 жыл Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы болып жарияланды. Республикалық акцияны қолдау мақсатында бүгін мен Бейнеу орталық аудандық ауруханасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы сөз қозғамақпын.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының бүгінгі қоғамдағы орны мен рөлі қандай?
Осы ұйым төрағасы ретінде аталған сауал бойынша пайымдаған, өзімнің іс-тәжірибемнен түйген ойларымды ортаға салуды жөн көрдім. Бұл ұйымның қызметін бірі білсе, бірі біле бермейді. Қандай ұйым болса да, алға қойған мақсаты, айқын міндеті бар. Әсіресе жұмыскер қорғаны саналатын кәсіподақ ұйымдары ұжымның әрбір мүшесінің мүддесін қорғау, оларға қолдау көрсету, өзіңе сенім білдірген ұжымда береке бастауы бірлік екенін түсіну, тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, елге қызмет ету керек деп білемін. Бір жағынан, қоғамдық жұмыс яғни елмен, көпшілікпен жұмыс. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр, кез келген ұйымдағы Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмыс бағыты, оның тиімділігі неде, жұмысты жандандыру үшін тағы не істеуге болады? Соған тоқталсам.
Алдымен, “Жас келсе, іске” деп маған осы жұмысты сеніп тапсырған әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Олардың маған үлкен сенімі тәуекелшіл болуға, жауапкершілікке үйретті. Соның нәтижесінде, бастауыш кәсіподақ төрағасы ретінде алға сүйрер жақсы істердің бастамашысы болып, біздің ұжым көптеген жетістіктерге жетті деп айқын айтуға болады. Кез келген ұйымның жұмысының алға басуы үшін, ең бастысы, бірлік керек. Бірлік бар жерде ғана береке болады. Бүгінгі күні Бейнеу орталық аудандық ауруханасында 759 жұмыскер қызмет етсе, барлығы кәсіподақ мүшесі, яғни 100 пайызды қамтиды. Ұжымдағы кәсіподақ мүшелерінің ауызбіршіліктерін дамыту мақсатында үнемі түрлі шаралар, жарыстар, салтанатты жиындар ұйымдастырылады. Мерекелік күндерде ұжымдастармен бірігіп, концерттік шаралар өткіземіз, көпшілікті еңбегімен мойындатып, халыққа танылып жүрген жұмыскерлерді шабыттандыру, ынталандыру үшін Алғыс хаттармен марапаттаймыз. Әрине, еңбегіңнің нәтижесін көру, оның еленгені – керемет мотивация. Бар ғұмырын медицина саласына арнап, талай жыл еңбек етіп, зейнет жасына жеткен мамандарымызды зейнеткерлікке шығарып салу салтанаты өткізіледі, оған қоса, 50, 60 жасқа толған мерейтой иелеріне қаржылай сыйақы тағайындалады.
”Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда” көрсетілген қамқорлықтың ерекше саласы – денсаулық сақтау екенін білеміз. Бұл тұрғыда халық үшін, біздің сала мамандары үшін де салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Осы мақсатта жыл сайын атаулы мерекелерде Кәсіподақ мүшелері арасында көптеген спорттық сайыстарды өткіземіз. Тағы бір айта кететін жайт: спорттық залдарды жалға алуды ұйымдастырып, волейбол командасын дайындадық. Бұл команда қазіргі таңда аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Менің өзім де осындай шаралардың бел ортасында жүріп, кәсіби тұрғыдан өсіп, ізденіп, сан түрлі қырымнан танылып келемін. Спорттық жарыстар, білім додалары, медициналық көмек көрсету жарыстарында көшбасшылық танытып, ұжымыма үлгі болуға тырысамын.
Жұмыс болғасын, оның қызығы да, шыжығы да мол болады, кейде түйткілді мәселелерді бірлесе отырып шешуге тура келеді. Әсіресе, бүкіл әлемнің әлін келтірмей, еркіндігін тұқыртқан пандемия кезінде еңбек даулары да кездесті. Осындайда кез келген мәселені ақылдасудың, талқылаудың, кеңесу мен дәйектеудің, келісудің, шешім қабылдаудың өркениетті тәсілдерін білу – кәсіби парыз. Жұмыс барысында көптеген шешілмеген сұрақтардың жауабын бірлесе тауып, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында теңдей шешім қабылдап, түрлі келіспеушілікті екі жақты қарастырып, шештік.
Тағы бір ең басты ұстаным, ең басты міндетіміз – ұжымда әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсету. Мектепке баратын балалары бар көпбалалы кәсіподақ мүшелеріне берілетін ақшалай сыйақы көлемі ұлғайтылды. Осындай игі істер әлі де жалғасын таба бермек. Ол үшін кемеңгер Төле би атамыз айтпақшы, «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» болайық. Жұмыс барысында бірлік пен тәртіп, сенім мен жігер әлсіремесін.
Сүлейменов Нұрболат Дәрібекұлы
Маңғыстау облысы, Бейнеу орталық аудандық ауруханасындағы
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы
#kasipodaqkz
#ӘлеуметтікӘріптестік #ҚРКФ #Маңғыстау #БастауышКәсіподақҰйымыЖылы#денсаулықсақтаужүйесі#сенім