Ақтөбеде Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Ақтөбе облысының əкімі Оңдасын Оразалин төрағалық еткен отырысқа «Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.

Отырыста облыста жыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан жарақат алушылар саны азайғаны айтылды. Жыл басынан бері облыс кəсіпорындарында жазатайым оқиғалар салдарынан 9 адам қайтыс болған.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы отырыста өндірістік кеңестер жұмысына тоқталып, техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыруға кəсіподақ тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Қауіпсіздік ережелерінің сақталуына кəсіподақ ұйымы құрылған кәсіпорындарда баса назар аударылған. Қазірде облыстағы кəсіпорындарда 905 өндірістік кеңес жұмыс істеп тұр. Олардың 80%-нан астамы кəсіподақ бастамасымен құрылған. Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік шараларының сақталуын 1500 техникалық инспектор бақылауда. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 36 мекеме тіркелді. Олардың тек 19-ында бастауыш кəсіподақ ұйымы бар болып шықты.
«Кəсіподақ еңбек қауіпсіздігін басты назарда ұстайды, — деп атап өтті Алтынбек Әмірғалиев. Сонымен қатар, ол өндірістік кеңестер жұмысын одан əрі жақсартуға жұмыс берушілер де ат салысуы қажеттігін ескертті.
Отырыс соңында əлеуметтік əріптестік аясында бірқатар жұмыс берушілерге нақты тапсырмалар жүктелді.
