Бастауыш кәсіподақ ұйымы үздік деп танылды

“Күшті бастауыш – күшті кәсіподақ“ республикалық байқау – конкурсында “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” ҚБ Ақтөбе облыстық филиалы 4 номинация бойынша үздік аталып, бас жүлдені иеленді.

Екі бірдей мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымы жеңімпаздар қатарына енді. Атап айтсақ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Есет батыр атындағы мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы үздік, ал бастауыш кәсіподақ ұйым төрағалары Алмагүл Сарыбай мен Марта Асанованың әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарт талаптарына сай атқарып жүрген жұмыстары нәтижелі деп танылды. Олар өз тәжірибелерін электронды форматта байқау талаптарына сай жан-жақты көрсете де білген. Сонымен қатар, жас кәсіподақ көшбасшыларына қолдау жасалған.

Осы байқауда облыстық кітапхананың жас және белсенді қызметкері Айымгүл Даулбаева “Үздік жастар көшбасшысы” номинациясына ие болды. Ал Ақтөбе облыстық филиалы халықаралық деңгейде кәсіподақ байланысын нығайту жолында көрші Ресей Федерациясының Орынбор облысымен мәдени ынтымақтастық орнатып, өзара тәжірибе алмасудағы жұмыстары ескеріліп, Бас жүлдеге иеленіп, озық атанды.