Шымкент қаласындағы “АГФ групп” ЖШС өндірістік компания жұмысшыларының қатысуымен «Өндірістік қауіпсіздігі, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау» тақырыбында онлайн семинар-тренинг өткізілді.
Семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, төраға орынбасары Руслан Ақжігіт, Шымкент қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, кәсіподақ қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді.
Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайларды алдын ала ескерту туралы түсіндірме берілді. Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуге құқылы екені түсіндірілді.
Серіктестікте 250 адам жұмыс істейді, кәсіподақ ұйымы құрылмағандықтан, кәсіподақ ұйымын құру және ұжымдық шарт түзу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.