Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы 2021 жыл – бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп бекітті. Осы орайда, республика көлемінде “Үздік бастауыш ұйым” байқау-сайысы басталып кеткені белгілі.
Кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ынтымақтастығын дамыту, кәсіподақ жұмысының озық тәжірибелерін тарату мақсатында ұйымдастырылған байқау-сайысқа «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары да белсене қатысуда.
Осы орайда, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамында жалпы 32 бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, байқауға қатысуға өтініш білдірген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының арасынан оза шыққан үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдары анықталып, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратында салтанатты түрде марапатталды.
Марапаттау рәсіміне Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасы Бауыржан Әлтеев арнайы қатысып, байқау жеңімпаздарын құттықтады. Сондай-ақ, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларына жылы лебізін білдіріп, еңбек адамының құқығын қорғау жолында сәттілік тіледі.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды – Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы (350 мың теңге сертификат), 2-орынды – №3 қалалық емханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы (300 мың теңге сертификат), 3-орынды – №12 қалалық емханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы (250 мың теңге сертификат) алды.
Байқау жеңімпазы – Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы республикалық байқау-сайысқа жолдама алды.