«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС қызметкерлерімен кездесті

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының бірқатар елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етеді, ағынды суларды тазарту және су бұру бойынша қызмет көрсетеді. Серіктестік  2019 жылы «Қазақстан экономикасының көшбасшылары» бизнес-рейтингінің қорытындысы бойынша елімізде ең үздік деп танылған әрі  халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін «Үздік кәсіпорын» атанған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Серіктестіктегі бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіпорын құрылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнұр Сүйіндікованың айтуынша,  мекемеде 1 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың барлығы кәсіподаққа мүше.  Бастауыш кәсіподақ ұйымы «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық  қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамында. БКҰ төрайымының айтуынша, орталықтағы жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары ұжымдық шартқа негізделген.

«Құжатта қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдауға басымдық берілген. Мәселен, биыл қызметкерлерді  нарықтық бағадан 20% – ға төмен бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасы енгізілген. Бұның сыртында жұмыс беруші қызметкерлерді  азық-түлік дүкеніне 15%-дық жеңілдікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, бізде ардагерлерге құрмет ерекше. Жыл сайын қарттар күніне орай 144 ардагерге әлеуметтік пакеттер ұйымдастырылады», –  деді ұйым төрайымы.

Кездесуде серіктестік жанынан әлеуметтік тұрғыдан тұрғындардың әлжуаз топтарына қолдау көрсететін «Мейірімділік қоры» жұмыс істеп тұрғаны және еріктілер тобы құрылғаны айтылды.

«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мекеме екендігін «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының» төрағасы Абдурайра Манахов да қуаттады. Сонымен қатар, ол  ҚРКФ-ға «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы үшін ризашылығын білдірді.

«Акция жергілікті жерлердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелері үшін ҚРКФ басшылығына өз мұң-мұқтажы мен ұсынысын жеткізуде оңтайлы құрал», –  деді Абдурайра Манахов.

Серіктестіктің бас директоры Аскар Акшаев өз кезегінде кәсіпорында қордаланып қалған мәселелерді жеткізіп, федерация басшылығынан олардың шешілуіне ат салысуды сұрады және өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, ол серіктестік қызметкерлері жалақысының төмендігін, ескіріп тұрған су шаруашылығы жүйелерін жаңғыртуға көзделген инвестицияның дұрыс бөлінбей отырғанын және  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Smart city тұжырымдамасында бекітілген автоматтандыру іс-шаралары бойынша әлі күнге  нақты жоспардың түзілмегенін айтты.

«Бұл проблемалар өз кезегінде кадрлардың тұрақсыздығына, су шаруашылығы жүйелерінің әбден тозуына, тұрғындардың ауыз сусыз қалуына, санитарлық нормалардың бұзылуына және қолданыстағы заңдардың өрескел бұзылуына алып келуде. Сондықтан федерация басшылығынан осы мәселелерді тездетіп шешуге ат салысуды сұраймыз», –  деді серіктестік өкілі.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының  орынбасары Нұрлан Өтешев еңбек ұжымына стратегиялық маңызы бар қызметті мінсіз атқарып отырғаны үшін ризашылығын білдірді. Жұмыс беруші тарапынан көтерілген проблемалық мәселелерді бірлесіп шешуге уәде берді.

«Сіз берген ұсыныстарды өз тарапымыздан үкіметке жеткізуге дайынбыз.  Оны Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арқылы жазбаша түрде федерация атына жолдауды сұраймын әрі бұл мәселелер біздің бақылауымызда болатынына уәде беремін», –  деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Нұрлан Өтешев бұдан әрі кездесу қатысушыларын  «Ем ал! Демал! Білім ал!»  атты жаңа кәсіподақ жобасымен таныстырды.  Тың жоба кәсіподақ мүшелеріне бір мезетте денсаулығын түзеуге және біліктілігін көтеруге мүмкіндік береді. Білім беру әрі сауықтыру жобасы биыл  пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Адал Ниет Астана» оңалту орталығында іске қосылады.