«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымымен кездесті

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары  Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында  Сайрам-Өгем  мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті. Бейнеконференция арқылы онлайн режимінде өткен кездесуге «Түркістан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Бердіғали,  «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Түркістан облысындағы филиалының төрағасы Сапарғали Шалданбаев, Сайрам-Өгем  мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастығы Қанат Пилалов, парктегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әйгерім Жанқонысова қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Батыс Тянь-Шанның солтүстік–шығыс бөлігіндегі Өгем, Қаржантау, Қазығұрт және Боралдай тау жоталарында орналасқан. Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2006 жылы Төлеби, Түлкібас, Өгем орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерді біріктіру жолымен ұйымдастырылған.  Жалпы жер көлемі – 149 037 гектар. Парк аумағында өсімдіктердің 1635 түрі өседі. Олардың  62-і  Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сүтқоректілердің 59 түрі мекендейді, Қызыл кітапқа олардың 10-ы енгізілген. Құстардың  300-ге жуық түрі кездеседі,  Қызыл кітапқа олардың 30-ы кіргізілген. Ұлттық паркте 11 туристік маршрут бар. Төлеби филиалында – 6, Түлкібас филиалында – 2, Өгемде – 3.

Парктегі бастауыш кәсіподақ «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Түркістан облысындағы филиалына қарайды. Ұйым төрайымы Әйгерім Жанқонысова. Оның айтуынша, мұнда  109 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы кәсіподаққа мүше. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы барлық қатынастар ұжымдық шарт арқылы әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделген. Төрайым кездесу қатысушыларына  ұжымдық шартта қарастырылған әлеуметтік қолдаулар туралы да әңгімелеп берді.

«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Түркістан облысындағы филиалының төрағасы Сапарғали Шалданбаев Сайрам-Өгем  мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен бастауыш кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестікті дамыту және қызметкерлерінің мүдделерін қорғау жолындағы жұмысына  жоғары баға берді.  Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясына «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы үшін алғысын айтты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұдан әрі кездесу ашық диалогқа ұласып, еңбек ұжымының өкілдері ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевке өздерін мазалаған сауалдарды қойды. Олар негізінен қызметкерлер денсаулығын сауықтыруға қатысты болды.

Нұрлан Өтешев өз кезегінде қатысушыларға федерацияның кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын сауықтыруға бағытталған «Ем ал! Демал! Білім ал!»  атты жаңа жобасы туралы әңгімелеп берді.  ҚРКФ төрағасы жаңа жоба кәсіподақ мүшесіне елордадағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығында денсаулығын түзеуге мүмкіндік беріп қоймай, кәсіподақ саласындағы білім көкжиегін кеңейтінін атап өтті.

«Бұл жоба осы бағыттағы бұрынғы жобалардан өзгерек. Кәсіподақ мүшесі жоба аясында заманауи орталықта денсаулығын түзеп, 10 күн ішінде кәсіподаққа қатысты 10 түрлі тақырып бойынша 10 сағаттық дәріс тыңдайды. Соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығы атынан сертификат табыс етіледі.  Мұнда аурудың 6600 түрінен емделуге болады. Ал кәсіподақтық жолдамаға кететін шығынды МӘМС-дан қаражат тарту арқылы азайтуға мүмкіндік бар. Білім беру-сауықтыру жобасы пилоттық режимде биыл «Адал Ниет Астана» оңалту орталығында іске қосылады. Кейін еліміздегі 8 кәсіподақтық шипажайларға таратылады», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары бастауыш кәсіподақ ұйымының және жалпы «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ жұмысына жоғары берді. Бұдан кейін Нұрлан Өтешев ҚРКФ-ның 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясында айқындалған  міндеттердің орындалуына тоқталды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп көбейту, меншіктің барлық формасындағы кәсіпорындардағы жұмыскерлердің жалақысын индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы»Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялау бойынша атқаралып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.