Кәсіподақтар федерациясының білім марафоны Қарағанды облысында жұмысын жалғастырды

Кәсіподақтар федерациясының онлайн білім марафоны аясында Қарағанды ​​облысы кәсіподақ активінің қатысуымен оқу семинары өтті.

Семинар бағдарламасы еңбек заңнамасын қолданудың өзекті мәселелері, кәсіподақ жұмысын ұйымдастыру және келіссөздер процесі бойынша дәрістер курсын қамтиды.

Қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев жұмысшылардың  мүдделерін қорғау саласында кәсіподақ белсенділері мен кәсіподақ мүшелерінің жоғары кәсіби деңгейін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Біліктілікті арттыру мәселелері ҚРКФ «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясын жүзеге асыру аясында Кәсіподақтар федерациясының жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылатынын баса айтты.

ҚРКФ төрағасының орынбасары жиналғандарға Кәсіподақтар федерациясының жаңа «Емдел және оқы!» сауықтыру-білім беру жобасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Жоба кәсіподақ мүшелері үшін денсаулық сақтау және білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Білім беру мен сауықтыру жобасы пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында іске қосылды. Болашақта біз бұл тәжірибені кәсіподақтардың шипажайларында таратуды жоспарлап отырмыз. Орталықта он күн бойы кәсіподақ мүшесі демалысты біліктілікті арттырумен ұштастыра отырып, жоғары технологиялық оңалту қызметтеріне және көптеген медициналық қызметтерге қол жеткізе алады», – деді Нұрлан Өтешев.

Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинарда еңбек заңнамасын қолдану практикасына шолу жасады.

Баяндамашы еңбек қатынастарын заңнамалық реттеу практикасы, кәсіподақтардың құқықтық қызметінің негіздері мен әлеуметтік әріптестікті нығайту тетіктері туралы айтты.

Нақты мысалдар келтіре отырып, ол заңсыз еңбек қатынастарының бірқатар күрделі құқықтық салдарын айтты.

Өз кезегінде ҚРКФ ӘӘ және ӘЭҚ комитеті бөлімінің жетекшісі Айжан Ибраева әлеуметтік әріптестікті дамытудың негізгі тұстарына тоқталды. Ол ұжымдық шартты әзірлеу технологиясы мен оны іске асыру механизмдерімен таныстырды.

ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов өз сөзінде еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға, оның ішінде жұмысшыларды вакцинациялау мен қашықтықтан жұмыс жасауға назар аударды.

Қорытындылай келе, семинарға қатысушылар ұсынылған материалдың практикалық құндылығын атап өтті және ҚР Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобаларын белсенді түрде жүзеге асырғаны үшін алғыс айтты.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы