Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Оған елордалық Кәсіподақтар орталығының, құқық қорғау органдарының, қалалық кіріс департаментінің, еңбек инспекциясының, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылары, жұмысшылар алдында жалақы бойынша берешегі бар және кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанушылық тіркелген жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.
Отырыста жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешектерін өтеуі, сондай-ақ өндірістік жарақаттану және еңбек нарығындағы жағдай туралы мәселелер қаралды.
Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 5 кәсіпорынның 64 жұмыскер алдында жалақы бойынша берешегі 38,8 млн. теңгені және банкроттық және оңалту сатысындағы 3 кәсіпорынның 11 қызметкерге берешегі 10,4 млн.теңгені құрап отыр. Қызметкерлер алдындағы жалақы бойынша берешекті өтеу бойынша осы кәсіпорындарға қатысты жұмыс жүргізілуде, – деп атап өтті мемлекеттік инспектор Ерлан Исмағұлов.
Сонымен қатар, оның айтуынша жыл басынан бері жазатайым оқиғалардан 32 қызметкер зардап шегіпті. Соның ішінде 11 адам қайтыс болған және 21 адам ауыр жарақат алыпты.
Өндірістік жазатайым оқиғалардың орын алуына жұмыс өндірісінің лайықты ұйымдастырылмауы, еңбекті қорғау бойынша жұмыскерлерді даярлауды ұйымдастыру мен жүргізудегі кемшіліктер, жұмыскерлерді жеке қорғаныш құралдарымен (қорғаныс каскасы, сақтандыру белдігі, арнайы киім) қамтамасыз етпеу, ақаулы жабдықтарды пайдалану, құрылыс объектілерінде уақытша қоршаулардың болмауы себеп болып отыр.
Әсіресе, қайғылы оқиғаның басым бөлігі құрылыс нысандары аумағында орын алып отыр. Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы мен еңбек инспекциясының өкілдері бірнеше құрылыс аумақтарында болып, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарына еңбек заңнамасы бойынша ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Статистика деректеріне сәйкес елорда аумағында 16013 құрылыс ұйымы тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары-11258.
Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда бас мердігер құрылыс жұмыстарын орындау үшін құрылыс жұмыстарының әртүрлі түрлеріне (монолит, кірпіш қалау, әрлеу жұмыстары және т.б.) мердігерлік шарттар жасасып, ұсақ құрылыс ұйымдарын тартады және бұл ретте объектіде ешқандай жұмыстарды өз бетінше орындамайды. Осылайша, бас мердігер жазатайым оқиғалар туындаған кездегі барлық жауапкершілікті өз мойнына алғанымен әлеуметтік мәселелерді шешуден жалтарады. Оның орнына қосалқы мердігерді қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың сақталуына барлық бақылауды дербес жүзеге асыруға міндеттейді.
Отырыс соңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов жұмыс берушілерге жалақыны уақытылы беруді және еңбек қауіпсіздігін сақтауға қатаң тапсырма берді. Өндірістік жарақаттануды төмендету мақсатында бас мердігерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін тек кәсіпорында ғана емес, сонымен қатар тартылатын қосалқы мердігерлік ұйымдарда да жеке бақылауға алуды, қажет болған жағдайда бұзушылықтар толық жойылғанға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының тоқтатылатыны айтылды.