inform.kz: “Ең төменгі жалақының өсуі миллионнан астам адамға әсер етеді – Кәсіподақтар федерациясы”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Президенттің Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары ҚР Президентінің Жолдауда айтқан еңбек адамдары үшін өте маңызды бастамаларын, соның ішінде ең төменгі жалақыны көтеруді зор ықыласпен қабылдады.

Нарық жағдайында ең төменгі жалақы жалақының деңгейін мемлекеттік реттеудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Себебі ол жұмыскерді жұмыс берушінің еңбек құнын өз еркімен анықтауынан қорғауға арналған. Сөзсіз, жалақы қоғам мүшелерінің көпшілігі үшін олардың әл-ауқатының негізі болды және солай болып қала береді әрі сол арқылы қоғамдық құрылымның әлеуметтік әділдігі туралы түсінік қалыптасады.

Кәсіподақтар федерациясы әр түрлі алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйекті түрде жоғарылату, оның ішінде ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін шешуге бастама көтерді. Мемлекет басшысының бүгін берген тапсырмалары іс жүзінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың жарқын мысалы болып табылады. Ең төменгі жалақының 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсуі әр түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық салада жұмыс істейтін миллионнан астам адамға әсер етеді. Жұмыс істейтін қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін маңызды және өте қажет қадам жасалды. Ең төменгі жалақының көтерілуінен тұрғындардың барлығы пайда көреді. Бұл жалақының аз болса да номиналды өсуін білдіреді. Ең төменгі жалақының өсуі – азаматтардың экономикалық тәуелсіздік деңгейінің жоғарылауы. Екіншісі – мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатын шығыстарды бұған дейін еңбек ақысы аз болып, осы көмекті алып келген адамдардың санын азайту арқылы төмендету. Үшіншіден, еңбек шығынының өсуі, жұмыс беруші өзінің өнімділігін арттыруға ұмтылады яғни оған жоғары жалақы алатын және білікті жұмысшылар қажет болады. Төртінші – жасырын жалақыны «көлеңкеден» шығару. Жалақының деңгейі мен динамикасы – елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың әлеуметтік тиімділігін бағалаудың негізгі өлшемдерінің бірі. Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1,5 пайызға өсуіне сеп болады. Жалақы – 6,5 миллион қызметкердің негізгі табыс көзі. Президент атап өткендей, жалақы қорының өсуі кәсіпорын иелері кірісінен 60 пайызға артта қалды. Кәсіподақтардың пікірінше, Мемлекет басшысының жұмыс берушілерді жұмысшылардың жалақысын көтеруге ынталандыру туралы шешімі жұмыс берушінің өз қызметкерлерінің алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға оң серпін береді. Біз сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылға қарай, алдыңғы жылдары жалақыны көтеруден тыс қалған бюджет қызметкерлерінің (мәдениет қызметкерлері, спортшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер және т.б.) жалақысын жыл сайын ұлғайту туралы бастамасын тиісті және әділ деп есептейміз. Себебі бұл шешім жалақысы төмен 600 мың азаматтық қызметшіге әсер етеді. Әрине, бұл тек бірінші қадам. Адамдардың өмірін жақсарту үшін әлі де көп нәрсе істеу керек. Мысалы, ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе оның құны мен ең төменгі тұтыну себеті қалай қалыптасатынын қайта қарау қажет. Соңғы жылдары жалақыны реттеу мәселесі қоғамда белсенді талқыланып, тез арада шешілуін талап етті. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімін қолдай отырып, жалпы алғанда, жұмыспен қамту, жалақы мен еңбек қатынастарын реттеу саласында заманауи, икемді заңнамалық базаны құру қажеттігін атап өтеді. Айта кету керек, өз кезегінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2021-2023 жылдарға арналған ҚР Үкіметі, республикалық кәсіподақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісімге ХЕҰ -ның № 131 Конвенциясын ратификациялау, жалақыны жыл сайынғы индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуге қатысты мәселелерді енгізе алды. Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестер Конвенцияны ратификациялау, жалақыны жыл сайынғы индекстеу, ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қарау бойынша консультациялар өткізу үшін жұмыс жоспары мен жұмыс тобының құрамын бекітті. Ел Президентінің Еңбек адамын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ынталандырудың маңызды шараларына бастамашы болғаны қуантады. Бұл қоғамда жалақы мәселесіне, оның мәні мен ресурстық қамтамасыз етілуіне біртұтас тұжырымдамалық көзқарас қалыптасады деген үміт тудырады. Біздің бұл жердегі ұстанымымыз нақты. Егер адам жұмыс жасаса, ол кедей болмауы керек. Кәсіподақтар федерациясы әрқашан осы принципті ұстанады және стратегиялық мақсаты – ең төменгі жалақыны халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейге дейін кезең-кезеңмен жоғарылатуға ұмтылады. Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.

https://www.inform.kz/kz/en-tomengi-zhalakynyn-osui-millionnan-astam-adamga-aser-etedi-kasipodaktar-federaciyasy_a3831328