Жолдаудан соң
Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының басым бағыттарын көпшілікке жеткізуге арналған жиын өтті.
Жиынға Салалық кәсіподақтың Ақтөбе филилалының жетекшілері мен бастауыш ұйым мүшелері, кітапхана, музей, спорт саласының мамандары мен жастар қатысты.
Әуелі еліміздегі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы Ақтөбе филилалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев Жолдаудағы ауыл шаруашылығын қолдау, бос игерілмей жатқан жерлерді қайтаруға қатысты сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді. Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген бастауыш кәісподақ ұйымымының жетекшілері, мәдениет саласының мамандары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының түп негізі — тұрақты мемлекет құра отырып, еңбек адамдарының тұрмысын жақсартуға арналғанын, ең төменгі жалақының өсуі, оның ішінде, әсіресе мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың әлеуметтік мәселелеріне ерекше ден қойылғаны қуантарлық жағдай екенін айтты.
Жиын барысында модератор болған Ақтөбе облысы кәісподақтар орталығының БАҚ жөніндегі маманы Нұргүл Қонақбаева өз сөзінде «Кәсіподақтар федерациясы әртүрлі алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйекті түрде жоғарылату, оның ішінде ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін шешу жөнінде бастама көтерді. Мемлекет басшысының бүгін берген тапсырмалары — іс жүзінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың жарқын мысалы. Ең төменгі жалақының 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсуі әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық салада жұмыс істейтін миллионнан астам адамға әсер етеді», — деген ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің пікірін келтіріп өтті. Сондай-ақ кәсіподақ тарапынан қолға алынған бастамалар туралы да сөз қозғады.
Жұмысшылардың құқығы мен мүдделерін қорғайтын кәсіподақ жетекшілері ел Президентінің Еңбек адамына қатысты көтерген бастамаларын, әсіресе ең төменгі жалақыны көтеруді зор ықыласпен қабылдады.