Қарағанды облысында отбасы құндылықтарын сақтау және дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының және «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен орталықпен тығыз байланыстағы медиаторлардың, психологтардың білімін арттыру мақсатында отбасылық дау-дамайларды шешу мәселелерінде татуласу рәсімдерін шешуге қатысты арнайы тренинг өткізілді.

Тренингтің жұмысына татуласу орталығымен бірлесе жұмыс жасайтын медиаторлар мен психологтар атсалысты.

Іс-шараның бағдарламасына сәйкес, Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның тең төрағасы Татьяна Шатохина онлайн-кездесудің қатысушыларын Отбасы күнімен құттықтап, уәкілетті мемлекеттік органдар алдында еңбек қызметінің барлық салаларында жұмыс істейтін әйелдер – кәсіподақ мүшелеріне қатысты мәселелерді шешумен байланысты өзекті бастамаларды көтерудегі өңірлік комиссияның жұмысы жайында баяндады.

Атап айтқанда, әйелдер үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы ұсыныстар, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді әлеуметтік қолдау және басқа да өзекті мәселелер іс-шараға қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия жұмысындағы ең бастысы – әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әрбір отбасының сақталуына жәрдемдесу және әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсету екені тілге тиек етілді.

Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы татуласу орталығының басшысы Света Шардарбекова Орталықтың 2021 жылдың өткен мерзіміндегі жұмыс қорытындысын баяндады.

«Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, кәсіби медиатор Оксана Макеева отбасылық дауларда, жасөспірімдер мен ата-аналардың ара қатынастарында орын алатын дауларды шешудің ерекшелігіне тоқталды.

«Қызыл ай» қоғамының Қарағанды облысы бойынша директоры, «Мир добра» қоғамдық бірлестігінің Президенті Татьяна Абрамова өңірдегі аз қамтылған, өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларымен жұмыс жасаудағы қиындықтар мен жұмыс ерекшелігіне тоқталды.

Онлайн іс-шараға қосылып, татуласу орталығының Жезқазған аймақтық өкілі, кәсіби медиатор Айгерім Нұрғожинаның жұмысына алғысын айтып, ыстық ықыласын білдірген медиация тараптарының орынды пікірі іс-шараның жақсы көңіл күйде жалғасын табуына ықпал етті.

Іс-шара Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық жасөспірімдер ісі жөніндегі сотының басшысы Динара Мутубаеваның «Отбасылық дау-дамайларды соттан тыс шешудің ерекшеліктері» тақырыбындағы тренингімен қорытындыланды.