Кәсіподақ дәрігерлерге тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті

ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы бірнеше еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, құзыреттілігі мен бар мүмкіндіктері шеңберінде кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп, қолдау көрсетіп келеді.

Айта кетелік, «№ 9 қалалық емхана» ШЖҚ МКК жанындағы “SENIM” Денсаулық сақтау қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесу барысында ұйым төрайымы Айгүл Ескендірова зейнеткерлік жасына қарамастан, еңбек қызметін жалғастырып келе жатқан әріптесі Қаппас Садықовтың өзінің тұрғын үйі жоқ екенін және жалға алуға мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Қ. Садықов денсаулық сақтау жүйесінде 43 жыл еңбек өтілі бар, қазіргі уақытта «№ 9 қалалық емханасында» жоғары санатты оториноларинголог-дәрігер болып жұмыс істейді. Ол ұзақ жылдарғы еңбек жолында пациенттері мен әріптестері арасында сенім мен беделге ие болып, білікті маман ретінде бай тәжірибесі жас әріптестеріне үйретіп, бөлісіп келеді.

Сонымен қатар, кездесуде 32 жыл еңбек өтілімен осы емханада акушер болып істейтін Шынар Жахинаның да тұрғын үй алу кезегінде тұрғаны айтылып, оған әлеуметтік көмек көрсетуге ұсыныс берілген еді.

Соған орай, Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы және «№ 9 қалалық емхананың» әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы Қ. Садықов пен Ш.Жахинаның әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы сатып алу құқығымен тұрғын үй беруге өтініш жасаған болатын.

Медицина қызметкерлеріне тұрғын үй беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп отырған елорда әкімдігі үлкен қолдау көрсетіп, бұл мәселелер шешімін тапты. Жуырда Қ. Садықов пен Ш.Жахина жаңа тұрғын үй кілттерін алады. Баспаналы болатын дәрігерлер өз ризашылықтарын білдірді.