Шымкент қаласындағы Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өткізілді. Семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымы төрағасының орынбасары Валентина Ващенко, мектеп директоры Жанар Нысанбаева, білім ұясының ұжымы – кәсіподақ мүшелері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақтар тарапынан қолға алынған бірқатар тың жобалармен бөлісті. Бауыржан Ілімшеұлы алдымен, пилоттық жоба Электрондық кәсіподақ билеті бойынша ақпарат берді. Электрондық кәсіподақ билеті – кәсіподаққа мүшелікті куәландыратын жеке сандық карта. Билет кәсіподақ мүшеслеріне кәсіподақ ұйымдары серіктестерінің желісінде тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер түрінде преференциялар алуға мүмкіндік береді. ЭКБ барлық кәсіподақ ұйымдары үшін бірыңғай түрге ие. Басым серіктестер: Авто жанармай бекеттері, супермаркеттер, автобус парктері, дәріханалар, спорттық және сауықтыру мекемелері және т. б. желілері. Электрондық кәсіподақ билеті оны алған сәттен бастап пайдалануға дайын және қосымша белсендіруді талап етпейді. Бұдан кейін, Бауыржан Ілімшеұлы қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелеріне арналған ресми қосымша SMART KASIPODAQ бойынша ақпараттандырды.
SMART KASIPODAQ қосымшасын Play Market қосымшасынан жүктеуге болады. SMART KASIPODAQ: – елдің барлық кәсіподақтарын; – әр кәсіподақтың қызметі туралы жедел ақпарат; – еңбек қатынастары мәселелерінде онлайн көмек; – кәсіподақ қызметтерін пайдалану; – еңбек мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық ақпараттар; – бүкіл ел бойынша серіктестерден жеңілдіктер алуға арналған маркетингтік құралдарды қамтиды. Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының қатысу үлесі бар шипажайларына баратын кәсіподақ мүшелерінің сауықтыруын және оқытуын біріктіруге бағытталған «Ем ал! Дем ал! Білім ал!» жобасы таныстырылды. Жоба аясында кәсіподақ мүшелері 10 күн ішінде қазіргі заманға сай оңалту процедураларын қабылдайды әрі Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінен жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіне қатысты 10 түрлі тақырып бойынша дәріс алады.
Білім беру-сауықтыру жобасы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында пилоттық режимде жуырда іске қосылады. Ал 2022 жылдан бастап тың тәжірибе кәсіподақтық шипажайларға таратылады. ҚРКФ жоба арқылы бір күнтізбелік жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесін қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы еңбек құқықтарын қорғау мәселесінде жақсы көрсеткіштер көрсетіп келген «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасы»-ның жұмысына тоқталып, қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді. Осынау шаралар кәсіподақ мүшелері үшін қолға алынғанын мәлімдеп, кәсіподақ мүшелеріне «Заң клиникасы» туралы ақпараттық кітапшалары таратылды.
Бұдан бөлек, жиында еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу, медиация жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Шымкент қаласы әкімдігі арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру жөніндегі мәселелер қозғалды. Жиын соңында қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді. #kasipodaqkomektesude #ӘлеуметтікӘріптестік #ҚРКФ #Шымкент #БастауышКәсіподақҰйымыЖылы
Ойнет жаңалықтар сайты: https://oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=1&id=35957