Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері Болат Мырзахметов – тәжірибелі мамандардың бірі. 28 жылдан астам уақыт медицина саласында еңбек еткен азаматқа науқастардың алғысы шексіз. Ақ халатты дәрігер қауіпті індет өршіген түста провизорлық стационарда қызмет жасап, талай науқасты ажалдан арашалап қалған еді.
Болат Залұлы 1967 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Ақтөбе мемлекеттік медициналық жоғары оқу орнында білім алған. 1985-1987 жылдары аралығында әскер қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан.
Болат Мырзахметов еңбек жолын облыстық ауруханада анестезиолог – реанимотолог болып бастаған. 1995-2001 жылдары аралығында Сырдария аудандық ауруханасында реанимация бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. 2001-2015 жылдары облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде реанимация бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. 2015 жылдан бері қарай облыстық психикалық денсаулық орталығында дәрігер болып жұмыс жасап келеді.
Болат Залұлы негізінен алкоголизм дертіне шалдыққан науқастарды емдеумен айналысады.
«Бұл сырқатты емдеуде ең бірінші кезекте науқастың тілегі мен ниеті болуы керек. Емдеу мекемесінен шыққаннан кейін бұл азаматтарды жұмыспен қамту өте маңызды. Сондай – ақ отбасы мүшелері мен жақындарының қолдауы керек. Дәрігер ретінде ем алушыларға қажетті көмекті көрсетіп, психологиялық тұрғыда демеуге тырысамыз. Біз үшін әрбір науқастың тағдыры маңызды», – дейді Болат Залұлы.
Болат Мырзахметов короновирус індетімен күрескен алғы шептегі дәрігерлердің қатарында болды. Мамандар тапшылығы әсерінен 10 күн облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде еңбек етті. Жағдайы ауыр, медициналық көмекті аса қажет ететін науқастарға ем-дом шараларын жасады. Мұнан кейін облыстық психикалық денсаулық орталығына қарасты провизорлық стационарда жауапты дәрігер болып жұмыс жасады.