М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Кәсіподақтар күніне орай өңірлік «Бастауыш кәсіподақ ұйымдары форумы» өткізілді. Форумға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» төрайымы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия төрағасының орынбасары Исахов Мақсұт Пернебайұлы, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлтеев Бауыржан Ілімшеұлы, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Бердіғали Жәмшидұлы, салалық кәсіподақ төрағалары, бастауыш кәсіподақ мүшелері қатысты. Форумның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін өзектендіру, еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мәртебесін нығайту, кәсіподақ бірлігі мен кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығын дамыту және кәсіподақ жұмысындағы озық тәжірибелерді насихаттау болып табылады. Форумға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысына елеулі еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының марапаттарын табыстады. Оның ішінде тұңғыш рет табысталған «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Қуандықов Барлыбай Сапаралыұлы, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен Мырзагелдиев Анарбек Оразбекұлы және «Еңбек озаты» медалімен екі азамат және бірқатар азаматтар ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, форумда кәсіподақ белсенділеріне «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және салалық кәсіподақтар тарапынан да марапаттар табысталды. Өткен жылдың 23 желтоқсанында Бас кеңестің шешімімен 2021 жыл “Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы”болып жарияланды. Осыған байланысты, 2021 жылы бастауыш ұйымдарға қолдау көрсету және еңбек ұжымдарымен Тікелей “кері байланыс” жүйесін құру үшін кәсіподақтар Федерациясы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын өткізді. Аталған акция аясында қарапайым кәсіподақ мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары және мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер өкілдерінің алдында мәселелерді тікелей талқылауға және қоюға мүмкіндік болды. Республика бойынша акция аясында онлайн форматта 362 бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер өтіп, кәсіподақ мүшелері кездесулерде шешуді талап ететін 400-ден астам мәселені көтерді. Оның ішінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 6 онлайн кездесу өтіп, 15 мәселе көтерілсе, Түркістан облысы бойынша 3 онлайн кездесу өтіп, еңбеккерлерді мазалаған 7 мәселеле көтерілді. Еңбек адамдары көтерген мәселелердің басым бөлігі айлық жалақыларын көтеру, емдік-сауықтыру шипажайларына жолдама берілу бойынша, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер болды. Сонымен қатар, жыл басынан бері Шымкент қаласы кәсіподақтар бірлестігімен Әлеуметтік әріптестік шеңберінде үшжақты комиссияның 14 кездесуі өткізіліп, комиссия отырысының қарауына бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 15 мәселе беріліп, басым көпшілігі оң шешімін тапты. Қалған мәселелер шешілу үстінде. Ал, Түркістан облысы кәсіподақтар бірлестігімен Әлеуметтік әріптестік шеңберінде үшжақты комиссияның 4 отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан көтерілген 4 мәселе ортаға салынып, барлығы да шешімін тапты. Айта кетейік, Бүгінгі таңда Шымкент қаласы кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 8 салалық кәсіподақтар филиалдары және 5 жергілікті кәсіподақтар бар, 607 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс жасап отыр, кәсіподақ мүшелерінің саны 68621 құрайды. Ағымдағы жылы 26 мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, 2639 адам мүшелікке тартылды. Ал, Түркістан облысы кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 7 салалық кәсіподақтар филиалдары және 5 жергілікті кәсіподақтар бар, 815 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс жасаса, кәсіподақ мүшелерінің саны 31564 құрайды. Ағымдағы жылы 18 мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, 741 адам мүшелікке тартылды.
Ойнет жаңалықтар сайты: https://oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=1&id=36212
© Oinet.kz