Еңбеккер бейнесінде – Райхан Кажниязова

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ қозғалысының нығаюы мен дамуына, жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауға, жұмыскерлердің еңбек құқығын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін жуырда Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің 36 жылдан астам үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бас бухгалтері Райхан Кажниязова «Кәсіподақ Ардагері» медалімен марапатталды.

Жастайынан еңбек жолын кәсіподақ саласында бастап, ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп жүрген маманның кейінгілерге айтары мол. 1985 жылы ақпанда «Актюбжилстрой» тресінің бірлескен кәсіподақ комитетінің аға есепшісі болып жұмыс істей бастады. 1986 жылдың қыркүйегінде оны құрылысшылар кәсіподағы облыстық комитетінің бас есепшісі етіп ауыстырып, жемісті еңбек жолын жалғастырды. 2006 жылдың ақпанында «Ақтөбе кәсіподақ орталығы» ЖШС бас есепшісі қызметіне ауыстырылды.

«Әсіресе, кәсіподақ саласындағы жаңа өзгерістер мен заңнамаларды дер кезінде білу, оған сайкәс кәсіби шеберлігін шыңдау жолында ізденісін мен жауапкершілігін өте қажет. Қазір, бухгалтерлік есеп жүргізу әдістерінің жаңа заманауи озық үлгілерін білу – уақыт талабы. Бұл салада аса ұқыптылық пен тиянақтылық керек», – дейді тәжірибелі маман. Осы 36 жыл ішіндегі ерен еңбегі ескеріліп, ҚРКФ Құрмет грамотасымен, Ақтөбе облыстық кәісподақтар орталығының 90 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен және «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.