Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық 8 шипажайға арналған онлайн ақпараттық турының қатысушылары бүгін «Манкент» шипажайын аралады. Кездесуді ашқан федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев шипажайлар мен салалық және аумақтық бірлестіктер арасындағы өзара әрекеттестікке тың серпін беру тұрғысынан ақпараттық турдың маңызы зор екенін атап өтті.
«Онлайн ақпараттық турдың мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің кәсіподақтық шипажайларда демалуын ынталандыру және шипажайлардың әлеуеті туралы ақпарат беру. Кәсіподақтар федерациясы осы арқылы өзінің 8 шипажайы мен салалық және аумақтық бірлестіктер арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуді көздейді»,-деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Кездесуге қатысушыларды «Манкент» шипажайының жұмысымен бас директордың орынбасары Ақнұр Бекжігітова таныстырды. Оның айтуынша, «Манкент» шипажайы – еліміздің ең байырғы демалыс орындарының бірі. Тыныс алу жүйесі, асқазан-ішек жолдары, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесін, урологиялық, гинекологиялық ауруларды емдеуге мамандандырылған көпсалалы бальнеологиялық сауықтыру мекемесі. 2019 жылы «Еуропалық курорттар қауымдастығының сапа, қауіпсіздік және қызмет көрсету стандарты сертификатына ие болған. «Манкент» кәсіподақтық 8 шипажай арасында бұндай сертификатқа ие болған әзірге тұңғыш әрі жалғыз шипажай. Сонымен қатар, шипажай коноравирустық инфекцияны жұқтырған азаматтарды оңалтады. Тіпті биыл ҚР Ұлттық Курорттық қауымдастығының еліміздегі коронавирустан кейінгі сауықтыру бағдарламасы бар үздік 10 шипажай рейтингіне кірген.
Ақнұр Бекжігітова атап өткендей, шипажайдың нөмірлік қоры – 613. Оның 246-сы жазғы маусымда, қалған 367-і жыл бойына жұмыс істейді. 13 түрлі жолдама бар. Ал оның құнына кіретін медициналық және басқа қызметтер саны – 19. Бұның сыртында жолдама құнына кірмейтін ақылы 10 қызмет түрі бар.
Медициналық қызмет түрлеріне бальнеотерапия, физиотерапия, аэрозольтерапия, гидротерапия, кинезотерапия және дәстүрлі емес медицина жатады. Сонымен қатар шипажайда тіс дәрігері, кардиолог, невропотолог, гинеколог, уролог, гастроэнтеролог дәрігерлері консультация береді. ЭКГ, УЗИ, лаборотория, тренажерлік зал, емдік дене шынықтыру кабинеті, егу кабинеті, косметолог кабинеттері бар.
Дегенмен негізгі емі – 1210 метр тереңдіктен шығатын жылы минералды суы. Бас дәрігер Табия Саратованың айтуынша, бұл сульфатты – хлорлы натрий минералды су.
«Судың минералдылығы 1 литрге 2,2 грамм. Құрамында денсаулыққа аса пайдалы күкірт, натрии, хлор, бром, йод және темір бар. Оны ішуге болады әрі ванна түрінде кеңінен пайдаланады. Асқазан гастриті, асқазан, ішек жаралары, өт қалтасының қабынуы, тоқ ішек кеселдері, буын аурулары, ревматизм, бруцеллезден қалған артриттер, омыртқа остеохондрозы, бел ауруы, ұйқының бұзылуы, жүйкенің жұқаруы, қан аздық және жұқпалы емес тері ауруларына шипа»,- деді бас дәрігер.
Атап өту керек, «Манкенттегі» минералды судың құрамы Шығыс Қазақстандағы Рахман қайнарымен бірдей. Бұл жерде сонымен қатар, Жаңақорғаннан арнайы жеткізілетін шипалы батпақ та бар.
Шипажайдың тағы бір ерекшелігі арнайы ас мәзіріндегі жеміс-жидек пен көкөніс. Олар осындағы жылыжайда өсіріледі.
Шипажай аумағында сонымен қатар, 100-ден астам ағаш түрлері бар. Бұл келушілерге терренкур бағыттарымен серуендеуге, жүгіруге мүмкіндік береді.
Шипажайдың келесі ерекшелігі – орналасқан жері. Ол тоғыз жолдың торабы саналатын ежелгі Жібек жолының бойында, Түркістан облысындағы киелі Сайрам ауданында, Шымкент қаласынан солтүстікке қарай 25 шақырым жерде, «Манкент» станциясынан 6,5 шақырым жерде орналасқан. Бұл келушілерге логистикалық тұрғыдан тиімді. Осының арқасында қонақтар Сайрамдағы санысыз баптарға тәу етіп, облыстағы өзге қасиетті жерлер мен шекаралас жатқан Өзбекстан елін аралап көре алады. Аталған бағыттар бойынша тұрақты түрде арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады.
Шипажай өкілдерінің сөзінше, демалушылар міндетті түрде ПТР тестімен немесе вакцинация паспортымен қабылданады. Егер вакцина алмаған, ПТР тестін тапсырмаған болса, экспрес ПТР тест тапсыруға мүмкіндік жасалған. Ал коронавируспен демалушылар шипажайға тек 3 – 6 айдан кейін қабылданады.
Шипажайдағы бизнес процестерді автоматтандыру мақсатында былтыр «Ақылды санаторий» бағдарламалық кешені енгізілген. Осының арқасында брондау сайт арқылы автоматты түрде жүргіледі. Бұл демалушыға қажетті қызметін ұзын-сонар кезекке тұрмай-ақ алуына мүмкіндік береді.
Кездесу бұдан соң талқылауға ұласып, қатысушылар өз сұрақтарын қойды. ҚРКФ Активтерді басқару дирекциясының Корпоративтік басқару және даму бөлімінің бастығы Қайрат Айбосынов «Еуропалық курорттар қауымдастығының сапа, қауіпсіздік және қызмет көрсету стандарты сертификатының шетелдіктерді тартуға қаншалықты көмек болғаны қызықтырды.
Шипажай бас директорының орынбасары Ақнұр Бекжігітованың айтуынша, келушілердің 3 пайызы шетелдіктер. Олар негізінен Германия, Чехия, Ресей және көршілес Өзбекстан елдерінен келеді.
«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» ҚБ төрағасы Қайрат Үстеміров маусымаралық кезеңдегі баға саясаты туралы сұрады.
«Жеңілдіктер кезеңі 15 қараша мен 15 наурыз аралығында болады. Бұл уақытта кәсіподақ мүшелеріне 5-15 пайыз аралығында жеңілдіктер жасалады. Алайда бұл үшін төлем 20 пайыз мөлшерінде алдын-ала жасалуы тиіс»,- деді шипажай бас директорының орынбасары .
Кездесуді қорытқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Манкент» шипажайының жұмысын жоғары бағалап, ақпараттық тур қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын жақсартуға қатысты бірыңғай ұстаным әзірленетінін жеткізді.
Естеріңізге салайық, Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық 8 шипажайға арналған онлайн ақпараттық туры осы аптада басталды. Тур қатысушылары бүгінге дейін төрт шипажайды аралап көрді. Ертең олардың назарына Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайының жұмысы ұсынылатын болады.