«Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деген ұлы қаламгер М.Әуезов. Қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый-құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт-дәстүрлері бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға әрекет етуде. Олай болса салт-дәстүр – өсіп келе жатқан баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы “Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институтымен бірлесе ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін насихаттауға арналған отбасылық #Баламенбірге челленджін өткізуде.
Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданы Казталов мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен “Дәстүр мен ғұрып” театрландырылған қойылымы республикалық байқауға қатысуда. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа отбасы құндылықтарын жете түсіндіре отырып, аса маңызға ие дәстүрлерді атап көрсету, олардың дұрыс қолданылу тәсілдерін жеткізу. Бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен сахналық көріністен барынша шынайы салт-дәстүр көрінісін көріп, жас буынға жаңа серпін бергендей.
Отбасындағы тәрбие, үлкендердің әрбір сөзі, ісі, мерекелік рәсімдер, салт-дәстүрге байланысты ұйымдастырылған шаралар – баланың қоғамдағы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін алғы шарттар деуге болады. Салт-дәстүрдің үлгісін отбасында өнеге ретінде көрсете білген ата-ана баланың отбасына, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға алғашқы қадам жасайды. «Адам еш уақытта өзімен өзі адам болмайды, адам болуды шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап үйренеді. Ал адамды адам ететін – жұмыр жерді мекен еткен сан толқын ұрпақтардың ақыл-ойы мен тірнектеп жинаған тәрбиесі. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-практикалық дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзатта прогресс те болмақ емес. Сол тарихи-мәдени тәрбиені танып білу арқылы адам баласы өзінің парасат-болмысын шыңдайды»,- дейді ұйымдастырушылар.