«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім». Заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай: «Тәуелсіздік туын тіккен еліміздің өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп». Мектептің алдын діңгегі – тәжірибелі ұстаз. 1931 жылы ресми түрде бастауыш мектеп болып ашылған, Қазақстанның дарынды ұрпақтарына жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқан М.Әуезов атындағы орта мектепке биыл 90 жыл толып отыр.
Мерейтойды тойлауға арналған мерекелік кеш Оранғай елді мекені, М.Әуезов атындағы орта мектебінде өтті. Шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, ауданның қоғамдық кеңесінің төрағасы, мәслихат хатшысы және ауыл әкімі қатысты.
Төраға – Жандос Шайдулла мектеп ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, осы білім ордасында талмай еңбек етіп, зейнетке шыққан ардақты ұстаздарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының арнайы төсбелгілерін тағып, мектеп ұстаздарына кәсіподақтан қаржылай сыйлық тапсырды. Осы іс-шараның жоғары деңгейде өтілуіне атсалысқан Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының Сауран ауданы филиалы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры музыкалық сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастырып берді.
Мектептің бала тәрбиесіндегі роліне ерекше тоқталған Жандос Шайдулла оқушылардың қосымша біліммен, тәрбие шараларымен қамтудың маңызы зор екенін, бала тәрбиесіндегі мұғалімдердің алатын орны ерекше екендігін айтты және сөз соңында мектеп ұжымын осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Мерекелік кеште білімгерлер ұстаз қауымына және келген қонақтарға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Мектеп ұжымын құттықтауға арнайы «Шаншар» әзіл-сықақ театрының өкілдері келіп, мектеп ұжымына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өмірде болып жатқан оқиғаларды қағытпа әзілмен, астарлы қалжыңмен жеткізген өнер иелері мектеп ұстаздарына, кеш қонақтарына ыстық ықыластарын бөлді. Шара соңында мектептің 90 жылдық тарихына шолу жасайтын мұражайдың лентасы кесілді.
Егемендік алған Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден бір дара жолы – білім жүйесі. Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық өміріне белсенді қатысуға даяр, бәсекеге қабілетті және білікті тұлғаны даярлау – ол біздің ұстаздарымыздың қолында.