Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Republican Association «International mediation centre» (IMC) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева мен IMC Өкілетті өкілі Назм Төлекеева қол қойды.
Меморандум аясында тараптар әртүрлі мемлекеттерде тұратын немесе әрекет ететін тараптар арасында туындайтын халықаралық коммерциялық және трансшекаралық және басқа да дауларды реттеуде медиацияны дамыту бойынша ынтымақтастыққа келісті.
Бұл ретте Құжатта дауларды Халықаралық соттың, «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы Халықаралық арбитраж орталығының сайттарында қарау мүмкіндігі қарастырылған.
Кездесуге қатысушылар құқықтық және медиация тәжірибесі бойынша өзара ақпарат, құқық және медиация саласындағы әдістемелік материалдармен алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева Меморандумға қол қою қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Ол ҚРКФ базасында кәсіподақ мүшелеріне тегін заңгерлік қызмет көрсететін Заң клиникасы құрылғанын жеткізді.
«Кәсіподақтар федерациясы – 2 миллионға жуық жұмысшының мүддесін қорғайтын Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. ҚРКФ-ның 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға –бірлікте» стратегиясын іске асыру шеңберінде жұмыстағы маңызды жаңалық Заң клиникасын құру идеясы болды. Кәсіподақтар федерациясы жанынан Заң клиникасын құру кәсіподақтардың негізгі мақсаты – еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғауға ықпал етеді. Кәсіподақ мүшелерінің барлық өтініштеріне жедел жауап беретін заңгерлік клиникалар желісі еліміздің барлық өңірлерінде құрылды», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.
Сондай-ақ ол қатысушыларды Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақтарының кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелеріне ортақ көзқарастарды әзірлеуге бағытталған біртұтас орган Орталық Азия кәсіподақтары кеңесін (ОАЕКК) құрғаны туралы хабардар етті.
IMC Өкілетті өкілі Назм Төлекеева өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясының жұмысшыларды қолдау бағытында атқарып жатқан шараларының маңыздылығын атап өтті.
Оның айтуынша, меморандум аясындағы ынтымақтастық қоғамдағы жанжалдарды азайтуға және еңбек қатынастарындағы даулардың алдын алу мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Кездесу соңында тараптар жұмысшыларды құқықтық қорғау мәселелері бойынша белсенді тәжірибе алмасу және бірлескен іс-шараларды өткізу қажеттігін атап өтті.