Білім беру қызметкерлері арасында өткізілген жарысқа белсене қатысып, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын үлгі етіп, жан-жақты білімі мен кәсіби шеберлігін көрсеткен аймақ ұстаздары Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қоймай, қоғамдық шараларға атсалысып, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқан ұстаздарды салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтады.
Шараға, сондай-ақ, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Асхат Ізбасар, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Дина Джаманбаева қатысып, жеңімпаздарға ізгі тілектерін білдірді.
Шахматтан ерлер арасынан Шалқар ауданы, №1 Аула клубының нұсқаушысы Құдайберген Ағайбек Аманкелдіұлы қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жетті.
Әйелдер арасынан Алға ауданы, №3 Алға қазақ орта мектебінің математика пәні мұғалімі Ғазиза Ұлыкпанова жеңіске жетті.