Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы “Тәуелсіздік құрдастары” туралы мақалалар легін жалғастырады. Бүгінгі кейіпкеріміз – Теректі аудандық ауруханасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Сакпаева.
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күні әлем таныған белді елге айналды. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап, солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету.
Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген жастар – жаңа ғасырдағы Қазақстанның әсем көрінісі. Олар өткен күн мен бүгінгі күндегі еліміздің дамуындағы, өзгерістері мен жаңа қадамдарындағы жарқын бейнесі.
Сақпаева Айгүл Мұратқызы – 13.06.1991 жылы Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келген. 2008 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа қабылданып, 2015 ж. бітіріп, жалпы тәжірибелік дәрігер біліктілігін алған.
2015 жылы ШЖҚ «Теректі аудандық ауруханасы» МКК-дағы Аңқаты дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелі дәрігер лауазымы бойынша қызметке орналасып, 2016 жылы Теректі аудандық ауруханасына ауыстырылып, осы уақытқа дейін қызметін атқаруда.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап желтоқсан айына дейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде қосымша білім беру бөлімінде “Неврология” (негізгі мамандығының бейіні бойынша функциялық диагностика) мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтіп, қазіргі таңда ШЖҚ «Теректі ауданының 2-ауруханасы» МКК-да невропатолог мамандығы бойынша қызмет атқаруда.
Жұмыс барысында алға қарай ұмтылу және жаңа жетістіктерге жету, салауатты өмір салтын үлгі ету – Айгүл Мұратқызының жұмысында ұстанған басты ұстанымы.
Орталықтың қоғамдық жұмыстарына белсенді түрде атсалысып, еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлік үлгісін көрсете білген адал еңбегі үшін 2017 жылы ауруханада халық дауыс беруі арқылы «Үздік дәрігер» номинациясымен, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің алғыс хатымен марапатталды.