Хромтаулық Нұрсұлтан Көпжасаров үшін 1 желтоқсан — мерекелердің бастауы. Ол осы күні туған. Ал осыдан үш жыл бұрын шахтер жігіттің қуанышы еселене түсті. Дәл осы күні шаңырақ көтеріп, отбасын құрды.
Нұрсұлтанның есімін әулеттің үлкендері «тәуелсіз елдің ұрпағы ғой, болашағы нұрлы болсын, тұңғыш Президенттің жолын берсін» деп ырымдап қойған екен.
Облыстың күре тамыры саналатын Хромтау — әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Қойнауы кенге бай, өндірісті өлкеде туған перзенттердің көбі шахтада жұмыс жасауды таңдайды. Нұрсұлтанның еңбек жолы да шахтада басталыпты.
— 2007 жылы 9-сыныпты бітірген соң Хромтау қаласындағы №4 кәсіптік лицейіне түстім. (Қазіргі атауы — Хромтау тау-кен техникалық колледжі. ред.) Аталған лицейде 3 жыл 10 ай білім алып, бүгінгі күнге дейін мамандығым бойынша жұмыс жасап келемін. Алғашында кенші болдым. Қазір ұңғымашы қызметін атқарамын. Бұл — шахтадағы ең негізгі жұмыстардың бірі.
Әр адам өз жұмысын, өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқаруы керек. Сонда ғана қоғамда да, адамның өз өмірінде де нәтиже болады. Өндірісті өлкеде, тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгенімді мақтан етемін. Өздеріңіз білетіндей, Дөң-кен байыту комбинаты расталған қорлары бойынша әлемде 2-орын алады. Ал мұндағы өнімнің сапасына тең келетін әлемде кен орны жоқ. Мен жұмыс жасайтын шахта еліміздің Тәуелсіздігіне 10 жыл толған уақытта ашылыпты. Атауы да солай аталады. «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл». Қалайша мақтанбасқа!? — дейді кейіпкеріміз.
Нұрсұлтан жылда желтоқсан айы жақындаған сайын өзіне есеп беріп отыратынын айтады. Ол үшін жылдың он екінші айы күнтізбенің бастауы істеттес.
— Желтоқсан — еліміз үшін де, біздің отбасымыз үшін де мерекеге толы ай. Биыл тәуелсіз елімізбен қатар, менің құрдастарым да 30 жасқа толады. Жігіт үшін орда бұзар шақ. Ал Қазақстан — әлі де өзін-өзі танытуды қажет ететін жас мемлекет. Сондықтан біздің алдымызда үлкен міндеттер мен мақсаттар тұр. Көздеген мақсатқа жету үшін білім, қажымас қайрат, талмас талап, мұқалмас жігер қажет. Бұл қасиеттер тәуелсіз елдің ұрпақтарының бойында барына күмәнім жоқ, — дейді Нұрсұлтан.