2021 жылғы 2 желтоқсан күні Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ-де орталықтың әкімшілігі мен бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай «30 жылдың 30 жетістігі» атты іс-шара өтті.
Іс-шара жүргізушілердің әсем сөздерімен бастау алып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранымен ашылды.
Жалғасы оқушылар мен тәрбиешілер дайындаған «30 жылдың 30 жетістігі» тақырыбында өлең-тақпақтарын айтып, көріністер жасап, әрі қарай арнайы дайындалған ролик көрсетілді.
Орталықтың директоры Винера Нұржанова алғы сөз сөйлеп, алғашқы құттықтау сөзді «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесхановқа берді.
С.Әуесханов өз сөзінде Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің жеткен жетістіктеріне және оған кәсіподақтардың қосып жатқан өзіндік үлестеріне, сондай-ақ Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ ұжымы мүшелерінің қосып жатқан үлестеріне ерекше тоқталып өтіп, кәсіподақ белсенділеріне «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының наградаларын табыстады.
Атап айтқанда, орталықтың директоры Винера Нұржанованы филиалдың «Еңбек озаты» төсбелгісімен, орталықтың экономисті Мәншүк Ібінованы филиалдың «Құрмет грамотасымен» және орталықтың қарауылы Тоқтар Назарбековты филиалдың «Алғыс хатымен» марапаттады.
Сонымен бірге осы мерекеге орай, қандастарымызға кәсіпкерлерден арнайы сыйлықтар табысталды.
Аталған іс-шараға Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы “Көші-қон және қандастармен жұмыс” бөлімінің маманы Малика Мақсат, “Ізгілік қайырымдылық қоры” басшысының орынбасары Алтынбек Боранбеков және Шымкент қаласының кәсіпкерлері қатысты.
Іс-шараның соңы көркем өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.