Ел еңсесін тіктеген шақтан бері мемлекет гүлденіп, дамып келеді. Қарқынды құрылысы, озық технологиясы, даму тенденциясы – алпауыт мемлекеттермен тепе-тең түспесе, кем емес. Тәуелсіздіктің 30 жылында өркениетті мемлекеттермен терезесі теңескен Қазақстанның иек артары – өскелең ұрпақ. Бүгінде Тәуелсіздіктің таңымен бірге дүниеге келген сәби ел тұтқасын ұстар, орда бұзар жасқа жетті. Егемен еліміздің
ертеңіне қызмет етуді мақтан тұтып, туған жер өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызы санайтын Тәуелсіздік құрдастарының қатарында Рауан Уалиханұлы Оразбаев та бар.
– Менің Тәуелсіздікке бергеннен алғаным көп. Ең бастысы ата-анам мені бейбітшілік заманда дүниеге әкелді. Мен Тәуелсіздіктің жарқыраған таңында жарық дүниенің есігін ашқаным үшін бақытты ұрпақ екенімді түсінемін. Аллаға шүкір, бүгінгінің ұрпағында «не ішемін?», «не киемін?», «қайда оқимын?», «жұмысты қалай табамын?» деген мәселе жоқ. Өйткені, бізге демократиялық қоғамда барлық жағдай жасалып отыр, – деген Рауан Уалиханұлы сан ғасырлар бойы егемендікті аңсап өткен қазақ халқына еркіндік ата-бабаның қанымен келгенін жақсы біледі. Көп халықтың басына бұйырмаған бақытты қолда мықтап ұстап қалу үшін көп тер төгу қажетін де түсінеді. Және өзі осы бағыттан таймай келеді.
Қазіргі таңда Жезқазған қаласының №1 жалпы білім беретін мектебінде шәкірттерін информатиканың қыры мен сырына үңілтіп, робот техникасына деген қызығушылығын оятып жүрген Рауан Оразбаевтың білім беру саласындағы еңбек өтілі – 10 жыл. Педагогика және психология ғылымдарының магистрі білімін жетілдіріп, түрлі деңгейдегі білім бәйгелеріне өзі де, талапты оқушылары да қатысып жүр. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, олимпиада мен конкурстардан оқушылары қанжығасы майланбай қайтпайды.
Адалдық, шыншылдық, батылдық сынды биік қасиеттерді бойында ұстап, озық ойымен оқ бойы алға озған Рауан мұғалім елінің мүддесі, туған жерінің қамы үшін маңдай терін сарп етуден аянып қалмақ емес.